Еліміздің Ішкі істер министрлігі ресейліктерге ел азаматтығын сату туралы қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Stopfake.kz мәліметінше, интернеттің қазақстандық сегментінде Ресей азаматтарының Қазақстан азаматтығын сатып ала алатыны жайлы дерек тарады. Құны 6500 еуродан басталады және бөліп төлеуге болады. Сондай-ақ, қазақстандық паспортты алғаннан кейін бірқатар артықшылық беріледі екен. Оның ішінде тегін медициналық көмек алу, 90 елге визасыз бару және америкалық E-2 визасын алу мүмкіндігі бар.
Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратқа қатысты түсінік берді.
«Интернетте ішкі істер органдарында бірқатар көші-қон қызметін алу, оның ішінде азаматтыққа қабылдау, құжаттарды жинау және ресімдеу қызметтерін көрсететін компаниялардың жарнамалары жарияланып жатыр. Дегенмен, бұл фирмалар азаматтықты да, жеке басын куәландыратын құжаттарды да бермейді. Осыған байланысты ІІМ осы саладағы интернет арқылы алаяқтықтың ықтимал жағдайлары туралы ескертеді. Қазақстан азаматтығын алу үшін өтініш білдірушілер ішкі істер органдарына жеке өзі жүгінуге тиіс. Бұл ретте, құжаттарды сенімхат бойынша немесе үшінші тұлғалар арқылы беруге тыйым салынады», – деді ведомство.
ПІКІР ЖАЗУ