Ozgeris.info тілшісі бұдан бұрын қазақтілді БАҚ-тың құрдымға кеткені туралы материал жазған. Жалпы қазақтілді БАҚ ғана емес, қазақ тілінің болашағына алаңдап отырғандар көп. Бүгін сол мәселенің екінші бөлімін зерттеуді жөн көрдік.
Cоңғы уақытта қоғамдағы қазақшаның бәріне атүсті көзқараспен қарап, ресмиленген орыстілді жолға түсіру саясаты жүріп жатқандай сезіледі. Бұл туралы журналист Айдын Олжаев біздің тілшіге берген сұқбатында айтты.
Ол журналист Диас Нұрақынның пікірін негізге ала отырып, қазақтілді ортаның жағдайына алаңдаушылық білдірді.
Ел арасында «Ел Арна» жабылады екен деген қаңқу сөз жүр. Бұл мәселені министрлікке журналист Диас Нұрақын жеткізді. Айтуынша, биыл 25 жылдығын тойлаймыз деп отырған ұжым әңкі-тәңкі күй кешуде. Себебі наурызда соңғы эфирлерін шығарып, сосын 50 шақты қызметкер жұмыссыз қалуы ықтимал.
«Ел Арна» еліміздегі таза қазақша сөйлеген тұңғыш телеарна. 2000-жылы 22-наурызда Хабар-2 деген атаумен құрылған. Ол кезде 100 пайыз қазақша хабар тарататын. 2002 жылы «Ел Арна» деп атауын ауыстырып, ребрендинг жасалды.
Соңғы 25 жылда көрмеген құқайы жоқ. Біресе жастар, біресе отбасылық, тіпті танымдық телеарна болып сан өзгерді. Осындай аумалы-төкпелі заманда «өз-өзін ақтамайды» деген желумен 2014 жылы жауып тастады.
Тек 2017 жылы кино канал болып қайта ашылды. Биыл 22-наурызда «Ел Арнаға» 25 жыл толады. Шамасы осы тойдан кейін телеарнаның базары тарқайтын сияқты. Себебі дайын тұрған арнаның жиілігі (волнасы) бәз біреулерге керек болып жатыр деседі.
«25 жылдық тарихы бар, эфирде жиілігі бар, ұжымы қалыптасқан арнаны жабу қисынсыз. Себебі оны қайта ашу өте қиын. Сондықтан барды жоқ қылмай керісінше дамыту керек. Өйткені еліміздің ТВ саласы тым тар. Айналдырған оншақты каналдан басқа көретін дым жоқ. Сондықтан ресейлік арналарды айналдырып отырмыз. Егер ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жабамын десе алдымен біздің идеологияға сай келмейтін, солтүстіктегі көршімізден бастасын», — деді журналист.
Журналист Мейрамбек Пазылбеков те бұл мәселеге алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, 4-5 сағат эфирде көрсетілетін Еуразия арнасындағы «Qos Like» жобасын жаба алмаған министрлікке, қазақ тілді білдей арнаны жабу әлдеқайда тиімді әрі оңай болған сияқты.
«Соған мәз болып жатқандар бар екен. Қаншама қазақ журналистері, қызметкерлері үшін оңай емес. Бір күні кіл орыс арналарын көріп отырсақ таңғалмаймын», — деп шүйлікті журналист.
Тіл жанашыры журналист Айдын Олжаев та қазақтілді телеарнаның жабылуына қарсы. Ол Диас Нұрақынның пікірімен толық келісетінін жеткізді.
«Оның орнына ресейлік теларналар неге жабылмайды деген орынды сын. Қазақтілді ақпарат құралдарында қысқарту да, көптеген жобалардың жабылып жатқаны туралы да ара-тұра естіп жатырмыз. Бұл жердегі бір мәселе бар, елімізде жылда журналистика мамандығын бітіріп жатқан жастар аз емес, баспасөз құралдары жабылып жатыр, әлгі жас журналистер қайда барады деген сауалдың басы ашық. Үкіметтің өзін шошытып отырған жасанды интеллект деген бар, ол да басқа мамандықтармен бірге түбі журналистерді де жұмыссыз қалдыруы мүмкін», — дейді журналист.
Осындай жағдайда тағы бір түсініксіз құбылыс байқалады.
“Ертең, бүгін, бірнеше медиа жабылады деген ақпарат тарап жатыр. Неше түрлі ұсақ-түйек, болымсыз бір ақпаратты бәрі жабылып көшіріп, тақырыптарын айқайлатып, жанталасып таратып жатыр. Олардың түпкі мақсаты маған шын белгісіз. Ақшасын төлемесең ешкім ештеңе істемейді, ендеше соларды да біреулердің қаржыландырып отырғаны анық. Бұл жерде не баспасөз құралын ұстап отырғаны үшін біреулер тендер алып отыр», — дейді Айдын Олжаев.
Немесе биліктің өзіне Қазақстанда қазақтілді осынша сайттар жұмыс істейді деген сандар мен көрсеткіш керек болуы мүмкін. Соның ақырында бізде қазір саны бар, сапасы жоқ, бірақ қазақша десең қазақша сайттар көбейіп кетті.
«Қазақтілді журналистиканың болашағын мен болжай алмаймын. Елдің, тілдің болашағы, тіпті қазақтың болашағы әзірге нақты үміт беретіндей жағдайда тұрған жоқ. Билік қазақ тіліндегі сапалы журналистиканың дамуына мүдделі емес дегенмен келісуге болады. Саяси көзқарасы үшін қудалау әлі ешқайда кеткен жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты қабылданған соңғы заңдар мен өзгерістердің бәрі баспасөз бен журналистердің еркіндігін шектеуге кетіп тіреле беретінін көріп отырмыз», — деді журналист бізге берген жауабында.
Қазақ тілінің мәселесін журналист Думан Бықай да көтерді. Оның айтуынша, дәл қазір Солтүстік аймақты барынша қазақтандыру мәселесі бұрын-соңды болмаған деңгейде өзекті болып отыр.
«Осы туралы ашық айтатын кез келді. Соңғы кезде ішкі миграцияны солтүстікке қарай бағыттау процессі саябырлап қалған секілді әсер қалдырады. Депутаттарымыз кейінгі кезде шатып-бұтып кетті. Мысалы, кешегі Ghat GPT-ге арналған Мәжіліс отырысы былай қарасаң, баланың әңгімесі ғой. Қазір Солтүстік аймақты барынша қазақтандыру мәселесі өзекті болып отыр», — деп шенеуніктерді сынады.
Еліміздің солтүстігінде қазақтардың үлесі аз болған сайын, бұл аймақтың болашағы да, тұтастығы да күмәнді бола береді. Теріскейдегі әрбір елді мекен, әрбір ауыл стратегиялық бекініске айналуы қажет.
Қазақтар Қызылжарға көшіп барып, экономикалық тұрғыдан ғана емес, саяси және мәдени тұрғыдан толықтай үстемдік орнатпайынша, қауіп бұлты сейілмейді.
«Ұлттық идеологиямыз бен ақпараттық кеңістігіміз шекараның түбіндегі ауылға дейін жетуі керек. Көрші мемлекеттің идеологиялық ықпалына түскен адамның елге деген лоялдығын жоғалтуымыз мүмкін. Аймақты дамытудың айқын жоспары болмаса, келешекте егемендік мәселесінде үлкен тәуекелдермен бетпе-бет келеміз», — деп пікір білдірді журналист.
Геосаясатта халық саны өте маңызды фактор. Халқы жиі әрі тығыз орналасқан аймақтардың тұрақтылығы мықты болады. Теріскейде бос кеңістік қалдырмауымыз керек. Халықтың тығыздығы артса (әлбетте, қазақтың есебінен), аймақтың экономикалық белсенділігі ғана емес, саяси санасы да күшейеді. Әлемдік геосаясаттың бүгінгі ережесі осындай.
«Мәжіліс келесі отырысын «Солтүстікке инвестиция – ел болашағына инвестиция» деген тақырыпқа арнаса жөн еді. Мемлекет солтүстікті қазақтандыру ісіне демографиялық саясат, әлеуметтік қолдау және инвестициялық тартымдылық арқылы едел-жедел кірісуі тиіс», — деді ол.
Ұятыз бағдарламалар жабылады ма?
Бағдарламаларда жастардың жаман мінез-құлқы мен дөрекі сөздер жиі көрсетілгендіктен, Түркияда оны ұятсыз және ұлттық мәдениетке қайшы деп санады.
Елімізде де «QosLike» және «Қалаулым» сияқты бағдарламаларға тыйым салу туралы петиция жарияланған. 2022 жылы «Қалаулым» бағдарламасы «Бір болайық» атауымен қайта құрылды.
Петицияда хайп пен бағдарламаның рейтингін арттыру үшін қолдан жасалатын жанжалдардың және басқа да келеңсіз әрекеттердің көріністері жиналған жағымсыз эмоцияларды күшейтетіні айтылған.
Бұл шоулар қазақ отбасының салауатты қарым-қатынасының нормаларына, қоғамға сіңіруге тырысып жатқан адамгершілік пен құндылықтарға қайшы келеді.
«Атаулы жобаларда тәрбиелік, тағылымды, мағыналық, отансүйгіштік, адамгершілікті арттыратын, игі, жағымды идеялар, мақсаттар мен құралдар жоқ», — делінген мәтінде.
Автор мұндай шоулардың Түркиядан шыққанын, бірақ ол жақта тыйым салынғанын айтты.
Сондықтан телевизиялық кеңістік барлық азаматтар үшін пайдалы және шабыттандыратын болуы керек. Осы себептермен мұндай азғын, келеңсіз жобаларды үзілді-кесілді жабуды талап етеміз», — деді петицияны жариялағандар.
Оқи отырыңыздар: Қазақтілді БАҚ құрдымға кетті: Ол билікке керек емес, себебі ақша әкелмейді — зерттеу
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру