Өлім – өмірдің ажырамас бөлігі екені әмбеге аян. Қаншама адам дүниеден өтсе де, артынан бәленбай мың қарызы қалып жатыр. Банк алдында болсын, жеке тұлғаға болсын берешегі көптер біршама. Осы қарыздарға не болмақ, қайтыс болған адамның артында қалатын қарызды кім төлейді? Жауапты заңгер Алмаз Отаров түсіндіреді, деп жазады Ozgeris.info.
– Егер адам қайтыс болса, оның қарызы жойылмайды. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, марқұмның міндеттемелері белгілі бір шарттарда мұрагерлеріне немесе кепілгерлеріне өтеді. Бұл мәселе көбіне марқұмның артында қалған мүлікке байланысты шешіледі.Сонда қарыз мұрагерлерге қалай өтеді? Азаматтық кодекстің (АК) 1040-бабына сәйкес, мұрагерге тек марқұмның мүлкі ғана емес, оның кейбір міндеттемелері де өтеді. Яғни қайтыс болған адамның атында мүлік (пәтер, көлік, жер телімі, банк шоттарындағы ақша, зейнетақы жинағы, құнды қағаздар, т.б.) қалса, сол мүліктің құны шегінде оның қарызы да мұрагерлерге міндеттеледі. Егер марқұмның ешқандай мүлкі болмаса, онда оның қарызы жойылады. Мұрагерлер өз қалтасынан төлеуге міндетті емес. Мысалы, бір адам 5 млн теңге қарыз алып, оның артында 3 млн теңге тұратын көлік қалса, мұрагерлер бұл пәтерді мұра ретінде қабылдаған жағдайда, олар 3 млн теңге көлеміндегі қарызды өтеуі керек. Қалған 2 млн теңге қарыз жойылады. Егер 5 млн теңге қарыз алып, бірақ ешқандай мүлкі қалмаса, бұл қарыз автоматты түрде жойылады, яғни мұрагерлерге өтпейді, – дейді Алмаз Отаров.
Бұл нені білдіреді? Марқұмның артында мүлік қалса – пәтер, көлік, жер телімі, банк шоттары, зейнетақы жинағы, құнды қағаздар – сол мүлік құны шегінде қарызы да мұрагерлерге міндеттеледі. Бірақ мұрагерлер өз қалтасынан төлеуге міндетті емес. Яғни, мұрагер мұраны қабылдамаса, оған марқұмның қарызы да өтпейді. Сонымен қатар мұрагерлер қарызды өз ақшасынан төлеуге міндетті емес. Олар тек мұрадан қалған мүліктің құны шегінде ғана жауап береді. Екіншіден, банк кепілгерден талап ете алады. Егер марқұм несие аларда біреуді кепілгер ретінде көрсеткен болса, банк қарызды сол адамнан өндіріп ала алады. Үшіншіден, банк кепіл берушіден талап ете алады. Егер марқұм несие алу кезінде кепілге жылжымайтын мүлік немесе басқа да құнды заттарын қойған болса, банк сол мүлікті сатып, қарызды өтеуі мүмкін.
– Мұрагер мұраны қабылдамаса, оған қарыз да өтпейді. Мұрадан бас тарту үшін нотариусқа өтініш жазу жеткілікті. Бірақ мұраны қабылдаса, онда қарызды да қабылдайды. Ал қайтыс болған адамның несиесі кешіріле ме? Қарыз тек бір жағдайда ғана толықтай жойылады – егер марқұмның артында ешқандай мүлкі және мұрагерлері болмаса. Банктер несиені кешірмейді, бірақ талап ете алатын ешкім болмаса (яғни мұрагерлер мұраны қабылдамаса, кепілгерлер немесе кепіл берушілер болмаса), онда қарыз сот арқылы өндірілмейді және жойылады. Ал марқұмның отбасы несиені сақтандыру арқылы рәсімдеген болса, онда сақтандыру компаниясы қарызды өтейді.Мұрагер қарызбен бірге мүлікті қабылдағысы келсе нотариус арқылы мұраны қабылдауы керек. Егер мұрагер мүлікті де, қарызды да алғысы келмесе, ол мұрадан бас тарта алады. Бұл үшін нотариусқа барып, арнайы өтініш жазу қажет, – деп түсіндіреді заңгер.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру