Жаңалықтар

Жетісуда жүкті әйелді азаптап өлтірген: қоғам әділ жаза талап етуде

Жетісуда жүкті әйелді азаптап өлтірген: қоғам әділ жаза талап етуде

Жетісу облысындағы Баласаз ауылында 22 маусым күні орын алған жан түршігерлік оқиға елдің жүрегін ауыртты. 32 жастағы Айзат Жұманованың өлімі көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. Марқұмның туыстарының мәліметінше, ол өз күйеуі — Айбар Жанболаттың қолынан қаза тапқан деп хабарлайды ozgeris.info сайты Politico.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Қайғылы түні Айзат ауыр халде түнгі 2:30 шамасында Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірден өткенін жарты сағаттан соң растаған. Алайда жақындары оны ауруханаға жетпей жатып көз жұмды деп есептейді.

 

Сот-медициналық сараптама қорытындысы әйелдің аса қатыгездікпен өлтірілгенін көрсетеді. Бас сүйегінің табаны сынған, миына зақым келген, бірнеше сүйектері – қол, аяқ және жамбас аймағы – сынған. Денесінде сүйретілген іздер анықталған, ал білектеріндегі тері түгел сыпырылып түскен. Жақындары Айзат арқанмен байланып, атпен сүйрелген болуы мүмкін деген күдік айтады. Анасы Салтанат Жұманова қызының денесін тану мүмкін болмағанын, оның жүзі мен денесі қорлықтан өзгеріп кеткенін жеткізді.

 

Оқиғаның тағы бір қасіретті жағы – Айзат жүкті болған, әрі барлық жағдай оның екі жасар қызының көз алдында болған. Қазір бүлдіршін анасының атын айтып, күн сайын жылап жүр. Психологиялық соққыдан күйзеліс жағдайына түскен.

 

Айыпталушы Айбар Жанболат ауылда фермерлікпен айналысатын азамат ретінде белгілі. Оқиға орын алған түні оның мас күйде болғаны және ауруханада өзін агрессивті ұстағаны хабарланды. Бұған дейін ол Қапал ауылдық округінің әкімі болуға кандидатурасын ұсынғаны белгілі.

 

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары бұл істі ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге әкелу») бойынша тергеп жатыр. Алайда марқұмның туыстары бұл баптың жеңіл екенін айтып, қылмыстық істі «Айрықша қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» бабына ауыстыруды талап етуде.

Барлық жаңалық