Денсаулық

«Суицид, жалғыздық, үрей»: Ел ішін үнсіз індет жайлап барады

«Суицид, жалғыздық, үрей»: Ел ішін үнсіз індет жайлап барады

Қазақстан әлем бойынша психикалық денсаулық көрсеткіші ең төмен елдердің қатарына енді. Бұл жай ғана дерек емес, салдары ауыр әлеуметтік дағдарыс. Ел ішінде мыңдаған адам психологиялық ауыртпалықты үнсіз көтеріп жүр. Көрінбейтін дерт қоғамды іштей тығыраққа тіреп жатыр. Ozgeris.info тілшісі елдегі және әлемдегі жағдайға шолу жасап көрді.

Менталдық денсаулық неге маңызды?

Менталдық саулық – адамның да, қоғамның да әл-ауқатының негізгі тірегі. Ол адамның өмір сүру сапасына, отбасындағы қарым-қатынасқа, жұмыс қабілетіне, тіпті физикалық саулығына да әсер етеді. Бүгінде әлемде 8 миллиард адамның шамамен 1 миллиарды психикалық ауытқулармен өмір сүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай дерттердің жартысы 14 жасқа дейін-ақ пайда бола бастайды. Соған қарамастан, әлем бойынша денсаулық сақтау қызметкерлерінің небәрі 1%-ы ғана психикалық денсаулық саласында жұмыс істейді. Ал әлем халқының 45%-ы тұратын елдерде әр 100 мың адамға бір де бір психиатр келмейді. Бұл жаһандық дағдарыстың нақты бейнесі.

Қазақстан ең соңғы ондықта

Mental State of the World 2024 баяндамасында менталдық денсаулық пен әл-ауқаттың кешенді көрсеткіші жарияланды. MHQ индексі эмоциялық, когнитивтік, әлеуметтік белсенділік, мотивация мен төзімділік сияқты факторлар бойынша есептеледі. Ең жоғары баға – 200 балл. Әлемдік орташа көрсеткіш – 63 балл. Яғни, адамдар айына шамамен 21 күндей ғана өзін жақсыәрі белсенді сезінетінін білдіреді.

Қазақстан бұл рейтингте 83 елдің ішінде 76-78-орындарда тұр. Яғни біз соңғы ондықтың қатарындамыз. Біздің MHQ индексіміз – 52,3 балл. Бұл көрсеткіш Бразилия мен Оңтүстік Африкамен бір деңгейде. Яғни, ел тұрғындарының психикалық жағдайы күрделі, мазасыз күйде.

Көрші елдердің жағдайы қандай?

Орталық Азия елдеріндегі жағдай да мәз емес. Мысалы, Өзбекстанның индексі – 54,5 балл, Қырғызстан мен Тәжікстанда – 51,2 балл. Бұл көрсеткіштер әлемдік рейтингте ең төмен деңгейде тұрған елдердің қатарына жатады. ТМД елдері ішінде Молдова (75,6), Ресей (73,8), Армения (73,1), Беларусь (68,3) айтарлықтай жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Ал Украина 55,4 балмен орташа деңгейден төмен.

Ең соңғы орындарды Ұлыбритания мен Ауғанстан иеленді. Бұл таңғаларлық көрінуі мүмкін, алайда менталдық денсаулық тек экономикалық жағдайға ғана емес, қоғамдағы сенім, қауіпсіздік және әлеуметтік байланыс деңгейіне де байланысты.

Алаңдатарлық белгілер: үрей, жалғыздық, үмітсіздік

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі қоғамда ең жиі кездесетін психологиялық қиындықтар – мазасыздық пен үрей, жағымсыз және түсініксіз ойлар, тұйықтық пен жалғыздыққа бейімділік, өзін кінәлау мен өзін-өзі төмендету, үмітсіздік сезімі, көңіл күйдің күрт өзгеруі және психологиялық жарақаттармен байланысты естеліктер. Бұл белгілердің барлығы адамның ішкі жан дүниесінің ұзақ уақыт ескерусіз қалғанын білдіреді.

Суицид – көзге көрінетін салдар

Менталдық дерттің ең қауіпті салдарының бірі – суицид. 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында Қазақстанда 1300 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,8%-ға аз болса да, көрсеткіш әлі де тым жоғары.

Суицидке апаратын негізгі себептер – ауыр материалдық жағдай (134 адам), жалғыздық пен оқшаулану (104 адам), отбасындағы қиындықтар мен ажырасу (45 адам). Адамдар бұл тығырықтан шығудың жолын таба алмай, өмірін қиюға мәжбүр болады. Бұл  қоғам үшін өте ауыр қасірет.

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы ахуал

Ең қорқыныштысы – бұл індеттің балалар мен жасөспірімдер арасында да белең алып келе жатқаны. Биыл кәмелетке толмағандар арасында 89 суицид тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға көп. Ал өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгендер саны 195-ке жетіп, 6%-ға артты.

Суицидке итермелейтін факторлар – отбасындағы қақтығыстар, тұрмыстық қиындықтар, жалғыздық, ата-анамен түсініспеушілік, жазалану немесе ұятқа қалудан қорқу. Бұл мәліметтер жастардың психологиялық тұрғыда қаншалықты әлсіз екенін көрсетеді. Олар қолдауды, түсінікті, ашық әңгімелесуді қажет етеді.

Денсаулық сақтау жүйесі жеткілікті ме?

Қазақстанда психикалық денсаулық мекемелерінде бар болғаны 6,1 мың төсек-орын бар. Оның ішінде ересектерге – 5,5 мың, балаларға – 551 орын ғана. 2023 жылы 43,8 мың адам ауруханаға жатқызылған. Ересектер орта есеппен 44 күн, ал балалар 20 күн емделген.

Бұл цифрлар біздің елде психикалық денсаулық мәселесі күрделі деңгейде екенін, ал қолжетімді көмек әлі де шектеулі екенін көрсетеді. Елде психиатриялық қызметтің дамып жатқаны байқалғанымен, бұл салаға деген сұраныс күн санап артып келеді.

Психикалық денсаулық әр адамның ғана емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі үшін маңызды. Бұл мемлекет деңгейінде шешілуі тиіс мәселе. Бізге қолжетімді және сапалы психологиялық көмек, мектептерде психология кабинеттері, жастарға арналған кеңес беру орталықтары қажет. Ең бастысы – бұл тақырыпты жабық күйде қалдырмай, ашық айтып, бір-бірімізді тыңдауды үйренуіміз керек. Үнсіз жүрген адам да көмекке мұқтаж болуы мүмкін.

Барлық жаңалық