Әлеуметтік желілерде жол апатының видеосы тарады. Кадрлардан екі қыздың жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болғаны көрінеді. Екі көлік тоқтағанымен, үшінші көлік тоқтамай, қыздарды қағып кеткен. Бірін көлік ұшырып жіберсе, екіншісі көліктің астында қалған деп хабарлайды ozgeris.info сайты Lada.kz сайтына сілтемемен.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 16 шілде күні сағат 21:00 шамасында Ақтаудағы 31-шағын аудандағы «Сары базар» маңында болған.
Mercedes-Benz автокөлігін тізгіндеген әйел жетінші сыныпта оқитын екі оқушыны қағып кеткен. Полиция мәліметінше, жасөспірімдер жолды белгіленбеген жерден өткені анықталған.
Оқиғаға байланысты жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік айыптұраққа қойылды.
Аталған бапқа сәйкес, жол қозғалысы ережесін бұзып, адамдардың денсаулығына зиян келтірген жүргізушіге 40 АЕК (157 280 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе көлік жүргізу құқығынан 9 айға дейін айырылуы мүмкін.