«Ақ жол» партиясынан сайланған депутаттар орта және шағын бизнес өкілдеріне қысым көрсетілуде деп дабыл қағуда.
Дептутат Азат Перуашевың айтуы бойынша, Ақмола және Қарағанды облысында орналасқан 15 кәсіпкер «Қазтеміртранс» АҚ (ҚТЖ құрамына кіретін ұйым) қызметкерлеріне пара берді деген айыппен жауапкершілікке тартылуда.
Депутаттардың айтуы бойынша, кәсіпкерлер өз еркімен келіп қылмыстық жай туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігіне хабарлаған, себебі «лауазымды тұлғалар өз жұмысын уақытылы жасаудын орнына кәсіпкерлерден пара бопсалаған». Сондықтан, бастапқыда агенттік ҚР ҚК-нің 367-бабының 2-тармағына сүйене отырып («параны қорқытып алу орын алған болса немесе егер осы адам пара бергені туралы құқық қорғау органына немесе арнаулы мемлекеттік органға өз еркімен хабарласа, қылмыстық жауаптылықтан босатылады»), олардың барлығын қылмыстық жауаптылықтан босату туралы қаулы шығарды.
Алайда, көлік прокуратурасы пара беру фактілері сотқа дейінгі тергеу органына кәсіпкерлер жүгінгенге дейін белгілі болған деп есептеп, бопсалау фактісін елемей бұл қаулының күшін жойды. Енді кәсіпкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартады.
Осыған орай «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы көлік прокуратурасының кәсіпкерлерді қылмыстық жауаптылықтан босату туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қаулысының күшін жоюдың заңдылығы мен негізділігін қарауды сұрап жатыр.
ПІКІР ЖАЗУ