💰 Экономика

«Пайызсыз болашақ»: Қазақстан қаржылық трансформация орталығына айналды

Соңғы жылдары криптовалюта мен шариғат талаптарына сай келетін қаржылық технологиялар («халал-финтех») қарқынды дамып келеді. Әсіресе, Орталық Азия елдерінде бұл жаңашылдық ерекше қолға алынуда. 2024 жылы криптовалюта нарығының жалпы табысы 2,7 триллион долларға жетті. Ал пайдаланушылар саны 420 миллион адамнан асты. Сарапшылар бұл құбылысты оң бағалап, осы инновацияларды өңір менталитетіне бейімдеп әрі қарай дамыту дұрыс деп санайды. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.

Шариғат талаптарына негізделген ислам экономикасы риба (пайыздық үстеме), ғарғар (келісімдегі белгісіздік), майсир (құмар ойындар) және харам салаларға (арақ, құмар ойын бизнесі секілді тыйым салынған салалар) инвестиция салуға қатаң тыйым салады. Осы қағидалар халал-финтехтің негізін құрап отыр. Яғни қаржылық қызметтерді шариғат нормаларын бұзбай ұсынатын цифрлық платформаларды қамтиды. Алайда криптовалюта орталықтандырылмаған цифрлық активтер ретінде ғалымдардың арасында пікірталас тудырып отыр. Бірі мұны айырбас құралы немесе құнды сақтау тәсілі ретінде халал деп ойлайды. Ал басқалары олардың құбылмалылығы мен алыпсатарлық сипатына байланысты харам деп есептейді.

Мысалы, 2018 жылы Индонезияның ғұламалар кеңесі криптовалюталарды харам деп жариялады. Себебі оларды белгісіздік және құмар ойындармен байланысы бар деп есептейді. Алайда 2021 жылы Малайзияның Шариғат кеңесі мен Солтүстік Американың фикх кеңесі бұл мәлімдемені жоққа шығарып, егер криптовалюта шариғат қағидаттарына сай қолданылса, оны «маль» (мүлік) ретінде қабылдауға болады деген шешім шығарды.

Қазақстан жаңа қаржы дәуіріне аяқ басты 

Қазақстан Орталық Азияда ең ірі экономикалық күшке ие. 2024 жылғы ЖІӨ 296 миллиард долларға жеткен. Финтех саласы да қарқынды дамып келеді. 2020 жылы «Цифрлық активтер туралы» заң қабылданды. Құжат аясында криптовалюталардың шығуы мен айналымын реттеледі.  Astana International Financial Centre (AIFC) мәліметінше, 2023 жылы Қазақстандағы криптовалюта транзакцияларының көлемі 1,2 миллиард долларды құрады, бұл ЖІӨ-нің 0,4%-ына тең. Сонымен қатар, Қазақстан 2022 жылы цифрлық теңгенің пилоттық жобасын іске қосқан аймақтағы алғашқы мемлекет болды. Ұлттық банк бұл цифрлық валютаны 2025 жылы толық енгізуді жоспарлап отыр. Цифрлық теңгенің пайызсыз және ашық жүйеге негізделуі халал-финтехтің дамуына серпін беруі мүмкін.

Мысалы Сауд Арабиясы Noorcoin жобасын іске қосып, криптовалюталарды шариғатқа бейімдеудің үлгісін көрсетті. Қазақстан 2026 жылға қарай AIFC аясында исламдық криптобиржаны іске қосуды жоспарлап отыр. Өз кезегінде аталмыш бастама 500 миллион долларға дейін инвестиция тартуға мүмкіндік беруі мүмкін.

Өзбекстан

2024 жылы көрші елдің ЖІӨ көрсеткіші 92 миллиард долларды құрады.  37 миллион халқы бар Өзбекстан бұл бағытта біршама сақтықпен әрекет етуде. 2019 жылы криптобиржалар заңдастырылды, бірақ қатаң лицензиялық талаптар қойылды. 2023 жылы Ұлттық перспективалық жобалар агенттігінің деректеріне сәйкес, елде тіркелген 12 криптобиржа 850 миллион долларға транзакция өңдеген. Сонымен бірге, Өзбекстан исламдық банкингті де белсенді дамытып жатыр. 2023 жылы шариғатқа сай қаржылық өнімдер банктік сектордың 2,5%-ын құрап, бұл шамамен 2,3 миллиардқа жеткен. Alif Bank секілді компаниялар халал-финтех элементтерін енгізе бастады. Мысалы, 2024 жылы банк пайыздық есептеуді болдырмайтын P2P-аударымдарға арналған мобильді платформасын іске қосты. Алайда елдегі діни көшбасшылар криптовалюталардың қауіптілігіне әлі де алаңдаушылық білдіруде.

Қырғызстан

Бұл елдің ЖІӨ өсімі 14 миллиард доллар. Қырғызстан криптовалюта нарығының даму деңгейі бойынша үшінші орында. 2021 жылы Ұлттық банк криптовалюталарды төлем құралы ретінде қолдануға рұқсат берді, бірақ оларды ресми төлем құралы ретінде мойындаудан бас тартты. Chainalysis аналитикалық платформасының дерегінше, 2023 жылы Қырғызстандағы криптовалюта транзакциялары 600 миллион долларды құрады, оның 70%-ы спот саудаға тиесілі. Елде исламдық банкинг әлі бастапқы сатыда. 2023 жылы банк активтерінің тек 1,8%-ы шариғатқа сай болған. Алайда 2021 жылы Қазақстанда іске қосылған Tayyab секілді цифрлық исламдық қаржы қызметі биыл қырғыз нарығына шығуды жоспарлап отыр. Бұл қадам халал-финтехтің дамуын жылдамдатуы мүмкін.

Тәжікстан

Тәжікстанның ЖІӨ көрсеткіші 12 миллиард долларға жетті. 10 миллионнан аса халқы бар Тәжікстан криптовалюта мен финтех тұрғысынан ең артта қалған ел. 2022 жылы Ұлттық банк криптовалюта айналымына тыйым салды. Оның себебі ақшаны жылыстату мен терроризмді қаржыландыру қаупіне байланысты. Дегенмен, бейресми нарық жұмыс істеп тұр. Chainalysis деректері бойынша, 2023 жылы көлеңкелі криптовалюта транзакциялары шамамен 200 миллион долларды құраған. Елде исламдық банкинг іс жүзінде жоқ. Алайда 2024 жылы Өзбекстандық Alif Bank Душанбе қаласында бөлімше ашатынын хабарлады. Бұл қадам Тәжікстандағы халал-финтехтің алғашқы қадамы болуы мүмкін. Сонымен бірге, елдегі діни басшылар криптовалютаға сенімсіздікпен қарап отыр.

Криптовалюта мен халал-финтех қаржы жүйесінде жаңа бағыт қалыптастыруда. Экономикалық оқшаулануға қарамастан, Қазақстан цифрлық активтер мен ислам қаржысын интеграциялау бойынша көш бастап отыр. Одан кейін Өзбекстан мен Қырғызстан келеді, ал Тәжікстан реттеушілік кедергілерге байланысты артта қалып отыр. Бұл үрдістің табысты болуы заңнаманы үйлестіру, қаржылық сауаттылықты арттыру және технологияларды діни нормаларға бейімдеуге байланысты. Сарапшылардың пікірінше, жаһандық цифрлану мен ислам экономикасының өсуі жағдайында Орта Азия халал-финтех нарығында маңызды ойыншыға айнала алады.

Барлық жаңалық