Қазақстандық зейнеткерлерге жыл басынан бері 1,7 трлн теңгеден астам қаражат төленді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Оның ішінде 564,7 млрд теңге базалық зейнетақыға, ал 1 трлн 181,2 млрд теңге ынтымақты зейнетақы төлеміне бағытталған, деп жазады Ozgeris.info.
Министрліктің дерегінше, 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша еліміздегі зейнеткерлер саны 2 млн 481 мың адамды құрайды. Ал осы уақыттағы жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 502 теңге болды. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 95 814 теңге, ал базалық зейнетақы – 47 688 теңге.
Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдері инфляцияны есепке ала отырып қайта есептелді. Нақтырақ айтқанда, базалық зейнетақы 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға өсті. Бұл өсім инфляция деңгейінен 2%-ға артық. Яғни, билік зейнетақы алушылардың нақты табысын сақтап қалуға тырысып отыр.
Мемлекет жыл сайын зейнетақы төлемдерін индекстеу арқылы зейнеткерлердің табысын инфляциядан қорғап, өмір сүру деңгейін тұрақты ұстауға күш салады. Алайда зейнетақы мөлшері мен өмір сүру құны арасындағы тепе-теңдік мәселесі әлі де қоғамда өзекті күйінде қалып отыр.