2025 жылдың алғашқы бес айында республикалық бюджетке түсетін кіріс жоспардан 1,2 трлн теңгеге аз болды. Бұл сандар көптің көңіліне күдік ұялатты: “ел қазынасы босап бара жатыр ма?”, “тапшылық тереңдеп бара ма?” деген сұрақтар туындады. Әлеуметтік желіде тіпті “дағдарыс келе жатыр” деген болжамдар тарады. Бірақ расымен солай ма?
Экономист Олжас Құдайбергенов бұл мәселеге әлдеқайда сабырлы, бірақ дәл көзқараспен қарап отыр. Оның айтуынша, бюджет тапшылығы экономикалық жүйе үшін қалыпты дүние. Ал біздегі проблеманың түбі сандарда емес, жүйеде. Сарапшы бұл мәселені тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде кең таралған тәжірибе деп түсіндіреді:
«Бізде ІЖӨ-нің 2-3%-ы көлеміндегі тапшылық бар. Бұл – 20 жылдан бері сақталып келе жатқан жағдай. Халықаралық стандарттар бойынша, бұл қалыпты көрсеткіш. Дамыған елдердің көбінде бұл көрсеткіш 5-8%-ға дейін жетеді. Яғни біз біртүрлі “қорқақ” позициядамыз: сәл тапшылық болса – дабыл қағамыз».
Құдайбергеновтің айтуынша, бізге ең алдымен тапшылық деген не, не үшін пайда болады, және одан қандай пайда көруге болады, соны түсініп алу керек. Себебі кез келген мемлекет кейде артық шығынға барып, ұзақмерзімді пайда үшін бүгін көбірек жұмсауға мәжбүр болады. Бұл инвестициялық ойлау.
Оның пікірінше, тапшылықтың көрініп тұруы техникалық есептің нәтижесі. Қазақстанда мұнайдан түсетін табыс алдымен Ұлттық қорға түсіп, содан кейін трансферт ретінде қайтарылады. Ал әлемнің көп елінде ол ақша бірден бюджетке түседі.
«Егер біз де мұнай табысын бірден бюджетке бағыттасақ, қағаз жүзіндегі тапшылық мүлде басқаша көрінер еді. Қазір біз жүйені өзіміз күрделендіріп алып, сол қиындықтан қорқып отырған жағдайдамыз».
Олжас мырзаның басты сындарының бірі – Ұлттық қордың қазіргі қолдану тәсілі. Оның айтуынша, қордың бір бөлігі сақталып, екінші бөлігі ел ішіндегі инфрақұрылым, технология, білім беру секілді жүйелі жобаларға жұмсалуы керек. Сол кезде ғана Ұлттық қор – тірі құралға айналады.
«Біз 25 жыл бойы ақша жинап келеміз. Бірақ ол ақша ел экономикасына қайтып келмей жатыр. Нақты жобаға, нақты секторға салынбай, сыртта “жатып” қалған ақша. Ал өзіміз сырттан қымбат пайызбен қарыз аламыз. Бұл – ақылға сыймайтын логика».
Сарапшының айтуынша, Қазақстандағы тапшылықтың басты себебі – көлеңкелі экономика. Яғни ел ішінде қанша табыс бар екенін өзіміз білмейміз.
«ІЖӨ-нің кем дегенде 30%-ы көлеңкеде жатыр. Жалақы қоры бойынша – 50%-ға дейін. Бұл – біз салық салмай отырған, бірақ жұмыс істеп жатқан экономика. Осыны ашық жүйеге енгізсек, бюджетке де жеңіл болар еді, әлеуметтік қорларға да. «Біз әлі де ескі логикамен жұмыс істейміз. Бюджет тек зейнетақы, жәрдемақы, жалақы төлеу құралына айналып кеткен. Ал ол даму бюджетінен айырылып қалған. Керісінше болу керек еді: әлеуметтік шығындарды арнайы қорлардан, ал республикалық бюджетті инвестицияға, технологияға, адами капиталға бағыттауымыз керек».