Елімізде бензин бағасы биыл қаңтар айының соңында мемлекет бағаны реттеуді тоқтатқаннан кейін өсе бастады. Сәуір айында жанармай бағасы 0,4 пайызға қымбаттады, ал бір жыл ішінде 2,2 пайызға өскен. Еnergyprom.kz сарапшылары осындай мәлімет келтірді. Енді бензин бағасы қалай болады? Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Ай сайынғы өсімді қарасақ, АИ-95, 96 және 98 бензиндерінің бағасы 0,1 пайызға көтерілген, ал АИ-92 бензині 0,4 пайызға қымбаттаған.
Бензин бағасы әр аймақта әртүрлі. Сарапшылар қазіргі доллар бағамына байланысты бензин бағасы біртіндеп литріне шамамен 300 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін дейді. Ал 95 маркалы бензиннің бағасы 350 теңгеге дейін жетуі ықтимал.
Мамандар Энергетика министрлігі мен үкімет нақты шекті бағаны көрсетпегендіктен, халық үшін белгісіз жағдай қалыптасып отырғанын, бұл шығындарды жоспарлауды қиындатып жатқанын айтты.
Қазір Қазақстандағы жанармай құю станцияларында (АЗС) бензин бағасын әр компания өздері белгілейді. Баға нарықтағы жағдайға қарай өзгереді.
«Яндекс Карталар» сервисінің деректеріне қарағанда, соңғы бір айда АИ-92 бензинінің бағасы жанармай станцияларының көпшілігінде қайтадан өскен.
Мысалы, елордада кейбір АЗС-терде бензин аз ғана қымбаттаса, кейбірінде баға мамыр айымен салыстырғанда едәуір жоғарылаған.
Алматыда да АИ-92 бензинінің бағасы барлық ірі жанармай станцияларында өсті. Еліміздің ең үлкен қаласында бензин литрі 2-4 теңгеге қымбаттаған.
Шымкентте баға аздап қымбаттады, кейбір жанармай құю станцияларында баға мүлде өзгермеген. Жалпы алғанда, бұл қалада жанармай бағасы басқа ірі қалаларға қарағанда арзандау. Аталмыш өңірде жанармай құю станциялары көп, бірақ олардың бір бөлігінде ғана «Яндекс Карталар» сервисінде баға туралы ақпарат бар.
Осылайша, Қазақстанның барлық ірі қалаларында жанармай бағасы біртіндеп қымбаттап жатыр.
«Қазір 95 бензинін сатып алатындар 92 бензинін сатып алатындарды жанама түрде субсидиялап отыр. Бұл әділетсіз. Себебі жаңа көлік сатып алатын адамдар әдетте аз көлемді, аз шығарындылы көліктерді алады. Олар қоршаған ортаны аз ластайды. Бірақ дәл осы адамдар бензинді негізінен әлдеқайда қымбат бағада сатып алуға мәжбүр», - дейді сарапшы Олжас Байділдинов.
Энергетика министрлігі бұған дейін жанармай бағасының өсуі Қазақстанның мұнай саласын дамыту үшін қажет екенін айтқан.
Министрліктің айтуынша, жанармай бағасын көтеру арқылы ішкі нарықты отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету, мұнай өндіруді қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және мұнай өңдеу саласын дамыту көзделіп отыр. Бұл мақсаттарға жету үшін инвестицияны әділ қайтару керек, сондықтан жанармай бағасы өсіп жатыр дейді билік.
Алайда қарапайым қазақстандықтар бензин бағасы 150 теңге болуы керек деп есептейді.