Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны ірі көлемдегі алаяқтықтың құрбаны болып, полицейлерге жүгінді.
Жәбірленушінің айтуынша, бұрынғы бірге тұрған жігіті әртүрлі себеппен бірнеше рет ақша сұрап, уәде етілген мерзімде қайтаратынын айтқан. Бастапқыда қаражат көлемі аз болғанымен, уақыт өте келе оның сұраған сомасы айтарлықтай ұлғайған. Жігітінің қиын жағдайына сенген әйел оған көмектесу үшін өз атынан бірнеше банктен несие рәсімдеген. Салдарынан, келтірілген жалпы шығын шамамен 10 миллион теңгені құрады.
Қазір тәртіп сақшылары алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Күдіктінің бұған дейін де осындай алаяқтық әрекеттері үшін сотталғаны белгілі болды, – деді Polisia.kz.
Құқық қорғау органдары азаматтарға қаражатын қарызға беру мәселесінде аса мұқият болуды ескертеді. Тіпті бұл өтініш жақын таныстарыңыздан түссе де, қаржылық шешім қабылдамас бұрын жан-жақты ойланып, тәуекелдерді бағалаңыз. Егер күмәнді жағдайға тап болсаңыз немесе алаяқтық әрекеттің құрбанына айналсаңыз, дереу сақшыларға хабарлауыңызды сұраймыз. Қырағылық – алаяқтықтан сақтанудың ең тиімді тәсілі, деп еске салды мамандар.
ПІКІР ЖАЗУ