«Ұлықбек аға төрағалықтан кете қалса, ол орынға лайық кім бар?» деген ой мазалағалы бір ай болды.
Ары ойлап, бері ойлап өз басым Жүсіпбек Қорғасбектің кандидатурасына тоқтадым.
Меніңше, қандай жағдай болмасын, Сәкен, Сәбит, Ғабиттердей алыптардан қалған қасиетті орданы алдымен қазақты шығармашылығымен мойындатқан қаламгер басқару керек.
Жүсіпбек ағаның «Жансебіл», «Жынды қайың», «Қасқыр адамынан» бастап бар шығармасы сол үдеден шығады.
Бұл — бір.
Екіншіден, көп адам Одақ басшысы деген лауазымды «ақша табумен, кітап сатумен, жазушыларды байытумен» айналысатын қызмет ретінде қарап кеткен сияқты. Одақ деген кітап сататын баспа емес. Жазушының бизнеске үйрететін мотивациялық ұйым деу де күлкілі. Одақ алдымен Жазушылардың жазғанын талқылайтын, олардың шығармашылығына баға беретін орын.
Бұрынғы жазушылармен сөйлесе қалсаң, Кеңес дәуіріндегі Одақтың шығармашылық атмосферасын тамсана айтып отырады. Сол шығармашылық атмосфера Бердібек, Сафуан, Сайын, Мұқағали, Кеңшілік, Жарасқан, Оралхандарды алыпқа айналдырмады ма?
Ондай шығармашылық атмосфераны қазақтың барша қаламгерінің шығармаларын толық оқып шыққан, жазушының жанын терең түсінетін адам ғана қалыптастыра алады.
Себебі, Жүсіпбек аға қаламгерлердің арасында мүйізі қарағайдай алыптардан бастап, бізге дейінгі һәм бізден кейінгі кез-келген «дөрәктің» жазғанын оқыған жалғыз адам.
Үшіншіден, Одақ тізгінін әдебиетке еңбегі әбден сіңген адам ұстауы керек. Қазіргі жазушылар арасында өзінің емес, өзге қаламгерлердің жазған-сызғанын насихаттау ісінде Жүсіпбек ағаның алдын орайтын және адам жоқ! Осы уақытқа дейін түрлі әдеби бағдарламалар ашып, бүкіл Одақ болып істеуге тиіс жұмысты бір өзі атқарып келе жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Мен, әрине қазіргі Одақтың қызметкері ретінде мұндай ой айтпауға тиіс шығармын. Бірақ, «тура биде туған жоқ» деген қағидаға сүйеніп, өз ойымды ортаға салуды жөн санадым.
Сіз не дейсіз?
Қанат Әбілқайыр Facebook парақшасынан
ПІКІР ЖАЗУ