Қазақстан бокс құрамасы Париж Олимпиадасын аяқтады. Қоржында жалғыз күміс медаль ғана бар. Үміт артқан боксшылардың көбі бірінші айналымнан «ұшып» кетсе, Сәкен Бибосынов пен Мұхамедсабыр Базарбайұлы ширек финалда сүрінді. Нұрбек Оралбай жарысты екінші орынмен аяқтады. Осы орайда белгілі бапкер Мұхит Амантаев «Бірінші бол» подкастында қонақта болып, қазақ боксының бүгінгі күйі жайлы ойын ортаға салды, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Мұхит Амантаев қазір боксшылар тек оңтүстіктен келіп жатқанын айтып, басқа өңірлерден шыққан мықты спортшыларды мысалға келтірді.
«Жақында жасөспірімдер арасындағы Қазақстан аймақтық чемпионатына бардым. Қостанай, Павлодар, Қарағандыдан боксерлер жоқ. Қарағандыдан қандай керемет боксерлер шығатын. Қостанайдан менің қарсыласым Самат Башенов бар, Азияның үш дүркін чемпионы. Левит, Пинчук, Дычко да Қостанайдан шыққан. Қазір Қостанайдан мүлдем жоқ. Бокс өліп жатыр. Қазір бокстың «изюминкасы» тек оңтүстікте қалған. Шымкент, Тараз, Түркістан арасында Алматыдан қосылып қояды, сонымен болды. Қазір шығып жатқан Нұрбек пен Айбек бәрі Тараздың жігіттері. Көбі оңтүстіктен келіп жатыр», — деді бапкер.
Сонымен қатар, ол бокста таныстарын тықпалаған «аға-көкелер» барын айтып, оның түбі жақсылыққа әкелмейтінін жеткізді.
«Мен бас бапкер ағаларды өте қатты сыйлаймын, сол кісілердің алдында өсіп-өндім, ешқандай қарсылығым жоқ, жамандап отырған жоқпын. Мен тек не өзгерту керек екенін айтып жатырмын. Мықтыларды бірінші күні шығармай, оларды финалға дейін барсын, дәлелдесін. Міне осындай көреалмаушылықтан, ананың «көкесі», «Жәкесі» хабарласты, «мынау пәленшенің баласы» деп, аға-көкелер жоғарыда ойнап жүргенде біздің бокс құрып жатыр. Біз Олимпиада чемпионы болмақ түгелі, жоқ дегенде медаль болса екен деп отырамыз, — дейді Мұхит Амантаев.
ПІКІР ЖАЗУ