Макрон: Украина шартсыз атысты тоқтатуға дайын

РИА Новости

Франция президенті Эммануэль Макрон Римде Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескеннен кейін Киевтің шартсыз түрде атысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Зеленскийдің өзі айтқанын Макрон атап өтті, деп хабарлайды ozgeris.info сайты “Украинская правда” порталына сілтеме жасап.

“Бүгін Римде президент Зеленскиймен өте жемісті пікір алмасу болды. Украинадағы соғысты тоқтату — менің және президент Трамптың ортақ мақсатымыз. Украина ешқандай шарт қоймай-ақ атысты тоқтатуға дайын екенін Зеленский бүгін маған растады. Ол бұл мақсатқа қол жеткізу үшін америкалықтармен және еуропалықтармен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Енді Путиннің өзі шынайы түрде бейбітшілікті қалайтынын дәлелдеуі тиіс”, – деп жазды француз көшбасшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар, Макрон “қалаушылар коалициясы” аясында атысты тоқтату мен Украинада ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату жолында жұмысын жалғастыратынын айтты.

Кейін Зеленский де өзінің X желісіндегі парақшасында Макронмен кездесуде толық әрі шартсыз атысты тоқтатуға қол жеткізу жолдары мен Ресейге қысым жасаудың маңыздылығы талқыланғанын хабарлады.

“Кривой Рог, Сумы және Киевке жасалған ресейлік шабуылдардың салдары туралы баяндадым. Украиналықтарды қорғау үшін әуе қорғанысын күшейту аса маңызды. Бұл бағытта біз серіктестеріміздің қолдауына сенеміз”, — деп жазды Украина президенті.