Magnum дүкендер желісіне қатысты жағдайды естімеген жан жоқ шығар. Бұл жағдай қоғамның, ел және тіл жанашырларының басын қайта біріктірді. Қазақша сөйлеуді талап еткен жеткізуші қызметкерінің осылайша жұмыстан қуылуы дұрыс шешім болды ма?
Қазақ тілін менсінбеу бұл жай ғана тілдік мәселе емес, бұл ұлттың абыройын аяққа таптау. Тіл халықтың жаны мен болмысы. Егер ел ішінде жұмыс істейтін компаниялар мен ірі бизнес өкілдері қазақ тілін мойындамаса, бұл халықтың намысына тиетіні анық.
Magnum елдегі ірі ритейл компаниясы. Мұндай алпауыт бизнес өкілдері халыққа қызмет көрсетіп қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілікті де түсінуі тиіс. Қазақ тіліне деген немқұрайлы қарым-қатынас тек тұтынушыны емес, тұтас ұлтты сыйламау дейді коғам белсенділері.
Қазіргі таңда тілге деген талап күшейіп келе жатқанын ескеру керек. Қазақ тілін құрметтемеген азаматтар мен кәсіпкерлердің кейінгі күйі не болатынын қоғамда болған бірнеше оқиғалардан көруге болады.
Ендеше, оқиға қалай өрбіді? Ozgeris.info тілшісі толық тарқатады.
2 сәуірде Threads желісінде Асылхан Әлімханұлы есімді қолданушы үйіне азық-түлік жеткізген курьердің «дөрекі» қылығы туралы пост жариялады. Сөзінше, ол амандасып, алғыс білдірген соң курьер оған «қазақша сөйле» деген. Курьер заттарды Magnum дүкенінен жеткізген.

Келесі күні шағымданған азаматқа компания директоры жазып, болған жайт үшін кешірім сұраған. Кейін ол курьерді «компанияға қайта тұра алмайтындай етіп жұмыстан шығардық» деп хабарлапты.
Осы шешімінен соң желі қолданушылары Magnum компаниясының әрекетін жаппай сынай бастады. Көпшілік мәселенің тамырына үңілу керектігін айтып, бұл дауға себеп болған қазақ тілінің мәртебесі тақыбырына бей-жай қарау дұрыс емес деді. Бұл наразылық біртіндеп сауда желісіне бойкот жариялауға ұласып кетті.
Жұмыстан қуып жіберген азаматтың жағдайынан соң жағдай ушыға түсті. Магнум дүкені қателігін түсінді ме, жоқ па, дегенмен ақталу әрекетіне кірісіп кетті. Ол мәлімдеме жасап, курьердің жұмыстан қуылуына басқа себеп болғанын жазды.
«Курьердің жұмыстан босатылуына тіл емес, мінез-құлқы себеп болды. Ол клиенттермен бірнеше рет дөрекі сөйлесіп, қызмет әдебін бұзды. Біз оған қателігін түзетуге бірнеше рет мүмкіндік бердік. Ескерту жасадық, сынақ мерзіміне ауыстырдық. Бірақ түзелмеді. Сондықтан келісім-шартты бұзуға тура келді. Біз ана тілімізге үлкен құрметпен қараймыз», — деп ақталды дүкен желісі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
The Qazaq Times басылымының жазуынша, жұмыстан шыққан курьер 38 жастағы Еркін есімді азамат. Ол бір жарым жылдан бері жеткізу қызметінде адал нанын тауып жүрген. Ол клиенттен қазақша сөйлеуін талап еткенін жасырмады, алайда дөрекілік танытпадым дейді.
Бұл ретте қоғам белсендісі әрі журналист Диас Нұрақын басы дауға қалған дүкендер желісін қоғам бір сілкіп алғаны дұрыс болды дейді.
«Қазақ тілін талап еткені үшін жұмыстан қуылған курьердің, сіздер бойкот жасап жатқан Magnum-ге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ол Magnum e-commerce компаниясының қызметкері. Тиісінше жұмыстан шығарған да солар. Ал, жеткізу қызметі банкке тиесілі. Сондықтан бойкот деп бекерге бажылдап жатырмыз. Лақтырған тасымыз тиісті адамдарға тиіп жатқан жоқ», — деді журналист Диас Нұрақын.
Айта кетейік, Magnum елімізде азық-түлік, тұрмысқа қажетті тауар сататын ең ірі дүкендер желісі. Ел бойынша 14 қалада 200-ден астам дүкені ашылған. Бұл ретте журналист аталмыш дүкеннің ұсынатын тауарларының сапасын да сынға алды. Айтуынша, мемлекеттен арзан субсидия алатын дүкеннің тауары кейде халықтың көңілінен шықпайды.
«Magnum азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін акимат жанындағы СПК-дан миллиардтап субсидия алады деген ақпарат бар. Тіпті оларға 0,01 пайызбен су тегін несие беріледі екен. 2019-2022 жылдар аралығында мемлекеттен 13 млрд теңге арзан несие алыпты. Бірақ арзанның дәмі татымас деген бар. Магнумның тауарлары кейде сапасыз болып шығады. Шіріген картоп, мерзімі өткен сүт өнімдерін сатып жатыр деген ақпарат ғаламторда өріп жүр», — деп жазды ол.
Әлеуметтік желідегі жұрттың “бойкоты” сауда желісінің жамбасына қатты батқан сияқты. Кезінде Чоколайфты тезге салған халық үлкен күшке ие екенін тағы көрсетті. Қоғамның азаматтық сана-сезімі өсіп келеді.
Қазақ тілін менсінбеген бизнес ұзаққа бармайды
Көпшілік бұл жағдайды қазақ тілінің қадіріне, мәртебесіне жасалған қысым деп қабылдады. Курьердің “қазақша сөйлейік” деген сөзі агрессия не кемсіту емес, тілдік өтініш-ұсыныс екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан оны жұмыстан шығару – әділетсіз шешімнен бұрын, адамгершілікке жатпайды дейді желі қолданушылары.
Қазақстан — тәуелсіз мемлекет, мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Қызмет көрсетушінің клиентпен қазақша сөйлесуін ұсынуы — заң аясында да, этика аясында да рұқсат етілген. Егер осы үшін жұмысынан айырылса бұл қызметкер құқығын бұзу, сонымен қатар мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнына жасалған құрметсіздік ретінде қабылдануы заңды.
Magnum әкімшілігі қызметкерді жұмыстан шығарған соң, компания өз беделіне нұқсан келтірді. Халық нарықты билеген дүкендер желісін тек бір азаматты ғана емес, бүкіл халықтың намысын таптады деп отыр.
«Қазақ тілі үшін күрес ешқашан тоқтаған емес, тоқтамайды да. Бұл — біздің ұлтымыздың болашағы, тамыры. Соңғы болған жағдай — масқара. Қазақ тілінде сөйлегені үшін жұмыстан шығарылған азамат ел үшін күрескен батыр», — деп жазып жатыр желі қолданушылары.
Одан бөлек ұлттық құндылықтарды ескермейді деген де пікір қалыптасты.
Сонымен, кімдікі дұрыс, кім қателесті?
Курьердің әрекеті — адами, мәдени, заңды тұрғыда дұрыс. Ол ешкімді ренжіткен жоқ, тек қазақ тілінде сөйлесуді талап етті. Magnum әкімшілігі — тым қатаң, әрі саяси және әлеуметтік сезімталдықты ескермей әрекет етті. Бұл үлкен PR-қателік болды.
Халықтың бойкоты — эмоциямен шықса да, тілге деген құрметті қорғаудың белгісі. Алайда ұзақ мерзімге жалғасса — бұл бизнеске және экономикаға жанама түрде зиян келтіруі мүмкін.
Қорытындылай келе, бұл басқа компанияларға сабақ болатын жағдай болғаны сөзсіз. Тіл мәселесінде қате шешім қабылдау бизнеске үлкен соққы болуы мүмкін.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру