💰 Экономика

Зейнетақы жинағын алу қиындайды

Зейнетақы жинағын алу қиындайды

Елімізде зейнетақы жүйесіне қатысты жаңа өзгерістер дайындалып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға қойылатын жеткіліктілік шегін тағы да 10 пайызға көтеруді жоспарлап отыр, деп жазады Ozgeris.info. 

Бұл бастама, бір жағынан, азаматтардың қаржылық тәртібін күшейтуді көздесе, екінші жағынан, жинақтаушы жүйенің тұрақтылығын сақтауға бағытталған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәліметінше, соңғы жылдары 20 мен 35 жас аралығындағы азаматтар зейнетақы жинақтарынан шамамен 1 триллион теңгеге жуық қаражатты мерзімінен бұрын алып үлгерген. Осы үрдіс министрлікті алаңдатып отыр. Өйткені жас буын еңбек жолының бастапқы кезеңінде жинақ қалыптастырудың орнына, керісінше, қордағы қаржысын азайтып жатыр.

Министрлік ұсынған жаңа тәсілдің түпкі мақсаты – жинақтаушы зейнетақы жүйесін нығайту. Яғни, азаматтар еңбек нарығына енген сәттен бастап болашақ зейнетақы қорын қалыптастыруға басымдық беруі тиіс. Бұл өзгерістер мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін Үкімет қарауына ұсынылады. Алдын ала болжам бойынша, жаңа талаптар сәуір айының соңына қарай күшіне енуі мүмкін.

Сонымен қатар, зейнетақы жүйесін цифрландыру бағытында да жаңашылдықтар енгізілмек. Азаматтар енді өз зейнетақы активтерін арнайы интернет-платформалар арқылы бақылап, басқару мүмкіндігіне ие болады. Бұдан бөлек, жинақтарды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жеке басқарушы компанияларға толық аударуға рұқсат беру мәселесі де қарастырылып жатыр. Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша азаматтар өз қаражатының тек жартысына дейін ғана инвестициялық басқаруға бере алады.

Бұл өзгерістер азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың жинақтарын тиімді басқаруына жол ашады. Осы орайда Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов зейнетақы қаражатын басқаруға қатысты енгізілгелі отырған түзетулердің мәніне тоқталды.

Депутаттың айтуынша, бүгінде азаматтардың басым бөлігі өз жинақтарының 50 пайызына дейін жеке басқарушы компанияларға беруге құқы бар екенін толық білмейді. Бұл мүмкіндік табыстылықты арттырып, тәуекелдерді әртараптандыруға жағдай жасайды. Дегенмен, көптеген азаматтар қаражатын өзгеріссіз Ұлттық банктің басқаруында қалдыруды жөн көреді.

«Біз екі негізгі түзетуді ұсындық. Біріншіден, азаматтардың қаражатын жеке басқарушы компанияларға беру шегін қазіргі 50%-дан 75%-ға дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Бұл жерде ең бастысы − бұл міндет емес, құқық екенін атап өткен жөн. Екіншіден, азаматтардың өздері таңдаған басқарушы компанияға, осы жинақтарды икемді түрде басқаруға мүмкіндік беруді ұсынамыз: қаражаттың бір бөлігін консервативті құралдарға, бір бөлігін табысы жоғары, бірақ тәуекелі де жоғары құралдарға, ал бір бөлігін теңгерімді бағыттарға орналастыру мүмкіндігін беру. Яғни «бәрі немесе ештеңе» емес стратегиясы емес, саналы таңдау. Ұсыныстарымыздың мәні қарапайым. Ақша тек жатып қалмай, жұмыс істеуі тиіс», деді Асхат Аймағамбетов.

Оның пікірінше, бұл бастамалар жинақтау міндетін сақтай отырып, азаматтарға өз қаражатын басқару еркіндігін беретін неғұрлым жетілген жүйе қалыптастыруға бағытталған. Яғни, мемлекет зейнетақы жүйесін қатаң бақылауда ұстай отырып, жеке жауапкершілік пен нарықтық тетіктерді қатар дамытуға ұмтылып отыр.

Жалпы алғанда, ұсынылып отырған өзгерістер екі негізгі мақсатты көздейді: біріншісі – зейнетақы қорындағы қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету, екіншісі – азаматтарға өз жинағын көбейтуге мүмкіндік беру. Алайда бұл бастамалардың тиімділігі, ең алдымен, халықтың қаржылық сауаттылығы мен ұзақмерзімді жоспарлау мәдениетіне байланысты болмақ.

Барлық жаңалық