Түркия қазақтарының тағдырынан сыр шертетін ерекше тарихи мәлімет жұрт назарын аударды деп хабарлайды Оzgeris.info сайты “Ескі сурет” Telegram каналына сілтемемен. Желіде Түркиядағы алғашқы қазақ мектебінде білім алған балалардың суреті жарияланып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
1940–1950 жылдары Қытайдағы қысымнан қашып, босып барған қазақ отбасылары Түркияның Ниғде облысы, Улукышла ауданынан паналайтын жер тапқан болатын. Осында оларға арнайы жер бөлініп, «Алтай» атты шағын қазақ ауылы құрылған. Бұл ауыл қазақтардың ұлттық болмысын, тілін, дәстүрін жоғалтпай сақтауға мүмкіндік беретін тарихи ошаққа айналды.
Алтай ауылында 1964 жылы қазақ балалары үшін алғашқы мектеп есігін айқара ашты. Мұнда балаларға түрік тілімен қатар қазақ тілі мен тарихы да үйретілген. Мектеп тек білім ошағы ғана емес, ғасырлар бойы ұлт ретінде сақталып қалу жолындағы үлкен қадам болды.