📰 Сарапшылар пікірі

Трамп Қазақстанға қарсы заңға қол қойды. Енді не болмақ?

Жарлыққа сәйкес, Қазақстаннан келетін тауарларға 25 пайыз көлемінде баж салығы енгізілді. Сонымен қатар Канада өнімдеріне 35%, Үндістанға 25%, Оңтүстік Африкаға 30%, Тайваньға 20% көлемінде салықтар белгіленген. Жалпы салық мөлшерлемелері 10%-дан 41%-ға дейінгі аралықта. Кімдер зардап шегуі мүмкін?, деп сараптайды Ozgeris.info.

Экспортқа ғана қиын

Бұған дейін Сауда министрлігі аталған баж салығы ел экспортының небәрі 5 пайызын ғана қамтитынын айтқан. Дегенмен, экономист Алмас Чукин бұл өзгерістер ұсақ экспорттаушыларға кері әсер етуі мүмкін деп есептейді.

«Жалпы алғанда, бұл Қазақстан үшін үлкен соққы болмайды. Себебі біз онша көп тауар экспорттап жатқан жоқпыз. Бірақ мен білетін бірнеше ұсақ ойыншы бар, олар АҚШ нарығына сеніп келген еді. Олардың өзі аса ірі компания емес. Олар шыршақ, кілем, ұлттық киім сияқты бұйымдар жасайды. Яғни, қолөнершілер», дейді ол.

Жағдайды ушықтырмауды ескерткен

Баж салығы жарлық жарияланған сәттен бастап күшіне енді. Мұны Трамп өткенде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында мәлімдеген-тұғын. Хатта Трамп бұл салықтың сауда теңгерімсіздігіне қарсы амал екенін атап өткен:

«Саудадағы дисбаланс АҚШ-тың экономикалық әрі ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Сол себепті осындай қадамға баруға мәжбүрміз», делінген хатта.

Трамп Қазақстанға «жағдайды ушықтырмауды» ескерткен. Оның айтуынша, егер Қазақстан қарсы шара ретінде АҚШ тауарларына өз баж салығын енгізсе, ол салық АҚШ-тың 25%-ымен бірге есептеледі. Мысалы, Қазақстан 30% қарсы баж енгізсе, АҚШ үшін бұл 55% болып есептеледі.

Қазір АҚШ-қа Қазақстан негізінен мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттайды. Бұл барлық экспорттың жартысынан астамын құрайды. Сонымен қатар экспортталатын тауарлар қатарында уран, күміс, ферроқорытпа және тантал, титан мен бериллий секілді сирек металдар бар. Бұл өнімдер Қазақстанда өндірілген, реэкспорт емес.

Әсер етпейді...

Экономист Алмас Чукиннің айтуынша, бұл баж салығы қарапайым халыққа әсер етпейді.

«Қазақстандықтарға шәйді тосаппен іше беру керек. Қыстың аяғына дейін ештеңе өзгермейді. Бұл қарапайым азаматтарға әсер ететіндей оқиға емес. Тек кей тауар бағасында қысқа мерзімді ауытқулар болуы мүмкін. Қазақстанға бұл жағдайдан бір ғана маңызды сабақ алу қажет: сыртқы саяси факторлар бір сәтте өзгеруі мүмкін. Сол себепті шикізат экспортына тәуелді болу үлкен қауіп. Ендігі жерде отандық өндірісті әртараптандыру мен технологиялық жаңғыру күн тәртібінен түспеуі тиіс.», дейді сарапшы.

«Өндірісті АҚШ-қа көшір» деген ұсыныс қаншалықты қисынды?

Трамп өз хатында қазақстандық компанияларға «өндірісті Америкаға көшірсеңдер, баж салығы болмайды» деген ұсыныс жасаған. Бірақ Алмас Чукін бұл идеяны шындыққа жанаспайды деп есептейді.

«Трамптың өндірісті АҚШ-та ашсаңдар, баж салығы болмайды дегені жай ғана саяси қулық. Біріншіден, сыртқы баж салығы ішкі нарыққа қатысты қолданылмайды. Екіншіден, қазақтың қолөнер бұйымдарын АҚШ-та қалай жасамақпыз? Оларды біздің дәстүрмен, мәдениетпен байланыстырып жасайды. Бұл абсурд», дейді ол.

АҚШ бұл шешімді қабылдағанда Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екенін ескермегені қызық. Бұл өз алдына түсініксіз жағдай.

«Біз ЕАЭО құрамындамыз. Егер баж салығын қойғысы келсе, онда бүкіл одаққа қойсын. Қазір Қазақстанға 25%, Қырғызстан мен Арменияға 10%, Ресейге мүлде қолданылмайды. Бұл қандай логика? Сауда теңгерімсіздігі бар екен деп, осындай салық салу қисынсыз қадам», дейді сарапшы.

Ол мұндай қадамдарды экономикалық шантаж деп қабылдауға болатынын, бірақ бұл сөзді қолдануға өзі сақ қарайтынын айтты.

Экономистің айтуынша, бұл баж салығы теңге бағамына немесе ішкі экономикаға тікелей әсер етпейді. Бірақ жаһандық экономикадағы өзгерістер шикізат бағасына әсер етуі мүмкін.

«Доллар сатып алып, уайымдайтын жағдай емес. Бұл жаңалықтан гөрі, бізге бюджеттің дефициті, Ұлттық қордағы жағдай секілді ішкі мәселелер көбірек әсер етеді. Трамптың тарифінің әсерін он балдық шкаламен есептесек, бұл – бір немесе екі балл ғана», деп түйіндеді сарапшы.

Барлық жаңалық