💰 Экономика

Теңге сәл нығайды, бірақ...

Теңге сәл нығайды, бірақ...

Қазақстанда ұлттық валюта аздап күшейіп келеді. 28 шілдедегі KASE қор биржасының деректеріне сәйкес, доллар бағамы 541,45 теңге болып тіркелді. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда теңге шамамен 3,5 теңгеге нығайды деген сөз, деп жазады Ozgeris.info.

Алайда бұл өзгеріс қарапайым азаматтарға бірден байқала қойған жоқ. Айырбастау пункттерінде доллар әлі де 545-548 теңге аралығында сатылып жатыр.

Нарықтағы айырмашылықтың себебі неде? Kurs.kz мәліметтеріне қарағанда, Алматы қаласында доллар 543 теңгеден сатып алынып, 545 теңгеден сатылуда. Астанадағы айырбастау бағамы бұдан да жоғары, 548 теңгеге дейін жеткен. Сарапшылар мұны нарықтағы нақты сұраныс пен ұсынысқа байланысты деп түсіндіреді. Яғни KASE-дегі ресми бағам төмендесе де, нақты қолма-қол ақша нарығында шетел валютасына деген сұраныс сақталып отыр.

Теңгенің нығаюына бір жағынан мұнай бағасының қайта өсуі әсер етті. Brent маркалы мұнай баррелі 69 доллар шамасында сатылып жатыр. Сонымен қатар АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерге қатысты келесі шешімі мен жаһандық экономикалық жаңалықтар да теңге динамикасына ықпал етуде.

Қаржы нарығындағы тағы бір қызықты жаңалық криптовалюталардың қайта өсуі. Соңғы тәуліктерде Bitcoin 119 мың долларға жақындады, Ethereum – 3 890 доллар, Binance Coin мен Solana секілді активтер де өсіп келеді. 

Барлық жаңалық