2022 жылдан бастап Қазақстанда шетелдік интернет-компаниялар қосылған құн салығын төлеуге міндеттелді. Бұл талап елде жарнама, жазылым, цифрлық өнімдер мен онлайн-қызметтер арқылы табыс табатын барлық платформаларға қатысты, деп жазады Ozgeris.info.
Осы норма күшіне енгеннен бері Қазақстанда 116 шетелдік ІТ-компания шартты түрде салық есебіне қойылды. Тек 2025 жылы ғана оларға тағы 18 компания қосылды. Олардың қатарында OpenAI (ChatGPT әзірлеушісі), Chess.com, Canva және ресейлік онлайн-кинотеатр Okko бар.
Салық енгізілгеннен бері бюджетке 111,6 млрд теңге түсті. Соның ішінде тек 2025 жылдың өзінде 41,8 млрд теңге жиналды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 18 млрд теңгеге көп. Ең ірі салық төлеушілердің қатарында Temu (6,2 млрд теңге), Valve – Steam платформасының иесі (5,3 млрд теңге) және Apple (5,2 млрд теңге) бар. Жаңа қатысушылар ішінде Next киім ритейлері 283 млн теңге, ал Alibaba.com 142 млн теңге салық төлеген.
2026 жылдан бастап бақылау күшейтіледі. Қазақстанда қосылған құн салығын төлеуден жалтарған немесе тіркелмеген шетелдік интернет-компаниялардың қызметі бұғатталады. Мұндай компаниялардың тізімі ашық жарияланып, мемлекеттік органның ресми сайтында орналастырылады.