Жаңалықтар

Шымкентте жалған нөмір таққан депутат ұсталды

Шымкент қаласында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаев жол ережесін өрескел бұзғаны үшін ұсталды деп хабарлайды ozgeris.info сайты politico.kz сайтына сілтеме жасап. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін белгілі болып, полиция да растады.

 

Видеода Lexus көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы қауіпсіздік белдігін тақпағаны, жолаушының жолдың ортасында түскені, ал жүргізушінің қарсы жолаққа шығып, апатты жағдай тудырғаны анық көрінеді. Сонымен қатар, көлікте «777» сериялы жалған мемлекеттік нөмір тағылғаны белгілі болды.

 

Тексеру нәтижесінде депутатқа бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды: қарсы бағытқа шығу, рұқсат етілмеген жерде артқа жүру, сақтандыру полисінсіз көлік жүргізу, бұрылыс белгісін қоспау және белдік тақпау. Ең ауыр құқық бұзушылық – жалған нөмір қолдану. Көлік айыптұраққа қойылды.

 

Полицияның мәліметінше, іс сотқа жолданып, депутат бес тәулікке дейін қамауға алынып, бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.

Барлық жаңалық