📰 Сарапшылар пікірі

Сарапшы: Төртінші мұнай зауыты да тапшылықты шешпейді

Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 70 пайызы Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты алып кен орындарынан алынатыны белгілі. Бұл мұнайдың басым бөлігі экспортқа бағытталады Деп хабарлайды ozgeris.info сайты todayinfo.kz сайтына сілтеме жасап. Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтың айтуынша, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы да ішкі нарықтағы төмен баға салдарынан жоғалтқан кірісті өтеу үшін өз мұнайының бір бөлігін шетелге сатуға мәжбүр. Осыған байланысты, Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты салынған күннің өзінде, оны шикізатпен тұрақты түрде қамтамасыз ету қиынға соғады.

 

Байділдиновтың пікірінше, ішкі нарықтағы жанармай тапшылығын шешу үшін, қазіргі кен орындарынан алынатын мұнайдың барлығын дерлік отандық мұнай өңдеу зауыттарына бағыттау қажет болады. Алайда бұл кен орындарының қоры таусылып бара жатқандықтан, жыл сайынғы өндіріс көлемі орта есеппен 1 миллион тоннаға азаюда. Осындай жағдайда елде жанар-жағармай бағасы екі есе қымбаттауы мүмкін.

 

«Қазір өндірілетін мұнайдың өзіндік құны барреліне шамамен 40 долларды құрайды. Ал ішкі нарықта бұл шикізат 20–25 доллар аралығында сатылады. Экспорт арқылы бұл шығын өтеліп отыр. Егер бүкіл өндірілген мұнайды ішкі өңдеуге бағыттасақ, онда бензиннің 1 литрі 1 долларға дейін қымбаттауы ықтимал. Бұл қазіргі АИ‑92 маркалы бензиннің шамамен 60 цент тұратынын ескерсек, бағаның күрт өсуін білдіреді», – дейді сарапшы.

 

Айта кетейік, Үкімет 2025–2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасын бекіткен. Құжатта Азия нарықтарына жеткізілетін мұнай өнімдерінің көлемін едәуір арттыру жоспары бар.

Барлық жаңалық