Абай облысында рәгәткімен қарамағындағы қызметкерге тас атқан полиция бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Бұл туралы өңірлік полиция департаменті хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
Оқиға Шар қалалық полиция бөлімінде болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода бөлім басшысы Дәурен Әлжапаровтың қызметкерге аша таяқпен (рәгәткімен) тас атқаны көрінеді. Құқық қорғау органының ішінде болған бұл жағдай қоғамда қызу талқыланды.
Облыстық департамент тексеру жүргізіп, оның нәтижесінде Әлжапаровтың қызмет этикасын бұзғаны анықталған. Тәртіптік комиссия шешімімен ол басшылық қызметінен алынды. Дегенмен ішкі істер органынан толық шығарылған жоқ.
Полиция департаменті қызметкерлердің этика мен тәртіпті сақтау міндет екенін ескертті.