Әлеуметтік желіде той үстінде «Музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген пікір айтқан ер адамның видеосы кеңінен тарап, жұртшылық арасында қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Осы жағдайға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ресми мәлімдеме жасап, діни мәселелерге қатысты пікір білдіру үлкен жауапкершілікті қажет ететінін атап өтті.
Муфтияттың мәлімдеуінше, Ислам діні адамдарды даналықпен насихат айтуға, өзгені ауыр сөзбен айыптамауға және әр адамның ар-намысына құрметпен қарауға үндейді.
«Сондықтан діни мәселелерге байланысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес. Сондай-ақ аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөздермен кемсіту де Ислам әдебіне қайшы келетін өрескел қателік», – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Діни басқарма Исламда адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған әрекеттерге шақыратын әндердің құпталмайтынын түсіндірді. Ал отансүйгіштікке, ата-ананы құрметтеуге, адамгершілік пен ізгілікке үндейтін әндерге рұқсат берілетіні жөнінде ислам ғалымдарының ортақ көзқарасы бар екені айтылды.
Сөз соңында ҚМДБ қазақстандықтарды өзара сыйластықты, парасаттылықты, көркем мінезді және қоғамдық бірлікті сақтауға шақырды. Сонымен қатар азаматтарға діни мәселелерде тек ресми діни қызмет атқаратын білікті мамандардың түсіндірмесіне сүйеніп, әрбір айтылған сөздің жауапкершілігін естен шығармауға үндеді.