Ұлттық банктің дерегіне қарағанда, 2025 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша ел экономикасына берілген кредит көлемі 46,7 трлн теңге болды, деп жазады Ozgeris.info.
Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 23,8%-ға көп. Соның ішінде 21,8 трлн теңге (46,5%) бизнеске берілсе, 25 трлн теңге (53,5%) халықтың мойнындағы қарыз болып отыр.
Несие негізінен теңгемен рәсімделеді. Барлық кредиттің 41,9 трлн теңгесі (89,8%) ұлттық валютада, ал 4,8 трлн теңгесі (10,2%) шетел валютасында берілген.
Нарықтағы ең үлкен үлесті банктер алып отыр. Олардың берген несиесі 39,7 трлн теңгеге жеткен, бұл жалпы көлемнің 85%-ын құрайды. Қалған 7 трлн теңгені ипотекалық ұйымдар, микроқаржы ұйымдары мен «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниялары бөліп берген.
Айта кетейік, 30 қыркүйектен бастап кепілсіз онлайн несие алғысы келгендерге ойлануына қосымша уақыт берілмек.