Қазақстанда вакцинация мәселесі қоғамда жиі талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесінің қалай қалыптасатынын, елде қандай инфекцияларға қарсы екпе жүргізілетінін, жаңа вакциналарды енгізу тәртібін және вакцинадан бас тарту мәселесіне қатысты ресми ұстанымын жариялаған еді, - деп жазады Оzgeris.info тілшісі.
Министрліктің мәліметінше, әрбір мемлекет өзінің Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесін елдегі эпидемиологиялық жағдайға, инфекциялық аурулардың таралу деңгейіне, халықтың демографиялық ерекшеліктеріне, денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктеріне және ғылыми дәлелдерге сүйене отырып қалыптастырады. Сондықтан әр елдің екпе күнтізбесінде айырмашылық болуы заңды. Бір инфекция белгілі бір өңірде жиі кездессе, басқа елде оның таралу қаупі төмен болуы мүмкін.
Ведомство иммундауды халық денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі деп бағалайды. Министрлік вакцинация жыл сайын миллиондаған адамның өмірін сақтап, ауыр асқынулардың алдын алатын ғылыми негізделген тиімді құрал екенін атап өтті.
Қандай инфекциялық ауруға қарсы екпе салынады?
Қазіргі таңда Қазақстанда Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі аясында 21 инфекциялық ауруға қарсы вакцинация жүргізіледі. Олардың қатарында құтырма, іш сүзегі, көктемгі-жазғы кене энцефалиті, адам папилломасы вирусы, В гепатиті, В типті гемофильді инфекция, дифтерия, көкжөтел, қызылша, қызамық, полиомиелит, сіреспе, туберкулез, оба, эпидемиялық паротит, пневмококк инфекциясы, коронавирус инфекциясы, А вирустық гепатиті, тұмау, сібір жарасы және туляремия бар.
Денсаулық сақтау министрлігі жаңа вакциналарды Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізу кезінде олардың қауіпсіздігі мен тиімділігіне, аурудың қоғамдық денсаулыққа әсеріне, вакцинацияның эпидемиологиялық және экономикалық тиімділігіне, сондай-ақ халықаралық ұсынымдарға сүйенетінін хабарлады.
Министрлік келтірген деректерге қарағанда, вакцинацияның нәтижесінде Қазақстанда бірқатар инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақтанған. Соңғы 35 жылда эпидемиялық паротитпен сырқаттанушылық 94 есеге азайып, 1990 жылғы 12 194 жағдайдан 2025 жылы 130 жағдайға дейін төмендеді. А вирустық гепатиті 80 еседен астам қысқарып, 1990 жылғы 73 962 жағдайдан 2025 жылы 923 жағдайға дейін азайды. В вирустық гепатиті 94 есеге төмендеп, 1990 жылғы 5 287 жағдайдан 2025 жылы 56 жағдайға дейін азайған.
Сонымен қатар сіреспе жағдайлары 1990 жылғы 13 жағдайдан 2025 жылы 3 жағдайға дейін төмендеген. Қызамық бойынша көрсеткіш 1990 жылғы 24 396 жағдайдан өткен жылы 1 жағдайға дейін азайған. Қазақстанда полиомиелит 1996 жылдан бері, ал дифтерия 2009 жылдан бері тіркелмеген. 2002 жылы ел полиомиелитсіз аумақ ретінде сертификатталды.
Қауіпті инфекция – менингококк
Министрлік менингококк және ротавирус инфекцияларына қарсы вакцинация мәселесіне де тоқталды. Қазіргі уақытта бұл вакциналар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізілетін Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне енгізілмеген. Бірақ ведомство бұл мәселе күн тәртібінде тұрғанын және зерделеніп жатқанын мәлімдеді.
Қолданыстағы санитариялық қағидаларға сәйкес, мемлекеттік тіркеуден өткен вакциналарды жеке медициналық ұйымдар азаматтарға ұсына алады. Бұл ретте вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу талаптары меншік түріне қарамастан барлық медициналық ұйымдар үшін бірдей сақталуы тиіс.
Ұлттық екпе күнтізбесін жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Министрлік халықаралық ұсынымдарды, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін және Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, екпе күнтізбесін одан әрі дамыту мәселелерін қарастырып келеді.
Ұлттық егу күнтізбесі шеңберінде пайдаланылатын вакциналардың түрін таңдау, оларды қолдану немесе өзгеріс енгізу мәселесі Қазақстан Республикасында халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың ұлттық техникалық консультативтік тобының ұсынымдары негізінде қаралады.