Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының екінші турында Словакияға қарсы алаңға шығады. Матч 29 қыркүйекте Кошицеде өтеді. Екі команда турнирді әртүрлі нәтижемен бастады: Словакия Молдованы 2:0 есебімен жеңсе, Қазақстан Фарер аралдарымен 1:1 тең түсті. Словакия алғашқы кездесуде ойын тізгінін өз қолында ұстады. Молдоваға қарсы матчта алаң иелері допқа 68 пайыз иелік етіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Иван Шранц пен Ондрей Дуда гол соқты.
Владимир Вайсс үшін бұл ұлттық құрамамен жаңа кезеңнің жалғасы. Словакия оның басшылығымен әзірге жеңілген жоқ: үш ресми кездесуде екі жеңіс пен бір тең нәтиже бар. Сонымен қатар команда өз алаңында соңғы 13 матчтың біреуінде ғана жеңілген.
Қазақстан үшін жағдай өзгеше. Джон ван ’т Схип бастаған команда алғашқы ойынын Фарер аралдарында өткізіп, 1:1 есебімен тең түсті. Темірлан Ерланов бұрыштамадан кейін есепті теңестіргенімен, екінші таймда алаң иелері қауіптілеу көрінді. Қазақстан құрамасының жаңа бапкері үшін бұл алғашқы ресми кезең болғандықтан, команданың жаңа ойын үлгісіне бейімделу мәселесі әлі де маңызды фактор болып отыр.
Бұрынғы кездесулер Қазақстанға үміт береді
Словакия қағаз жүзінде фаворит саналғанымен, Қазақстанның бұл қарсыласпен кездесулер тарихында жағымды тәжірибесі бар. Екі команда бұған дейін Ұлттар лигасының 2022/23 маусымында кездесіп, Қазақстан екі матчта да жеңіске жеткен. Трнавада қазақстандықтар 1:0, Астанада 2:1 есебімен басым түсті. Дегенмен төрт жыл бұрынғы нәтижені бүгінгі командалардың деңгейін бағалаудың жалғыз өлшемі деуге болмайды. Қазіргі Словакия құрамында Милан Шкриньяр, Станислав Лоботка, Ондрей Дуда секілді тәжірибелі футболшылар бар. UEFA жариялаған құрам тізімінде де осы ойыншылар негізгі құрамның маңызды бөлігін құрайтыны көрінеді. Қазақстан құрамасында да қарсыласқа қиындық туғыза алатын футболшылар бар. Алайда қыркүйектегі құрамда жарақат пен дайындық мәселелері шабуыл шебінің мүмкіндігіне әсер етіп отыр. Бұған қоса жаңа бапкердің талаптарын ойыншылардың қаншалықты тез қабылдайтыны да маңызды.
Сарапшылардың пікірі екі түрлі
Спорт сарапшысы Тұрар Кенжеғалиевтің пікірінше, Қазақстан құрамасының Словакияны жеңуге мүмкіндігі бар. Алайда бұған дейінгі жеңістерді алға тартып, ойыншыларға артық қысым жасауға болмайды.
«Әрине, Қазақстанның бұл команданы ұтуға қауқары бар. Бірақ бір рет жеңдік екен деп, ойыншыларға артық қысым түсіруге болмайды. «Жанкүйерлердің сенімін ақтай алмай қаламыз ба?» деген ой футболшылардың өз мүмкіндігін толық көрсетуіне кедергі келтіруі мүмкін. Бүгінгі ойында Сәтпаев, Чесноков, Самородов сияқты ойыншылар болмаса да, бұл – басқа футболшылар үшін өздерін көрсетуге берілген үлкен мүмкіндік. Ең бастысы, Фарер аралдарына қарсы ойында кеткен қателерді қайталамау керек», – дейді Тұрар Кенжеғалиев.
Словакиялық Flashscore Қазақстанның Фарер аралдарымен ойынындағы шабуылдағы қиындықтарына назар аударып, алаң иелерінің алғашқы минуттардан ойын бақылауға тырысатынын жазды. Портал Словакияның шабуылдағы мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алса, Қазақстан қақпасына бірнеше гол соғуы ықтимал деп санайды.
Ал бұрын Қазақстан чемпионатында «Мақтаарал» сапында ойнаған, Молдова құрамасының бұрынғы қорғаушысы Артем Розгонюк бұған біржақты қарамайды. Оның пікірінше, Словакияның тәжірибесі мен жеке шеберлігі жоғары болғанымен, Қазақстанның ұпай үшін күресуге мүмкіндігі бар. Ол әсіресе қазақстандықтардың шабуылдағы потенциалына назар аударған. Розгонюк сонымен қатар Джон ван ’т Схиптің командаға келгеніне көп уақыт болмағанын атап өтті. Оның пікірінше, жаңа бапкердің ойыншыларына жаңа талаптарға бейімделу үшін уақыт қажет.
Қазақстан құрамасының белсенді жанкүйерлерінің бірі Нұрбол Орынтай Ұлттар лигасы ұлттық команда үшін маңызды турнирге айналғанын атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан енді Еуропаның орта деңгейдегі құрамаларымен бәсекеге қабілетті екенін нәтижелер арқылы көрсетуі қажет.
«Қазақстан үшін Ұлттар лигасы – өте табысты турнир. Бұл жарыста жеткен жетістіктеріміз де бар. Сондықтан енді кіші команда рөлінен шығып, орта деңгейдегі командалар қатарында екенімізді дәлелдейтін уақыт келді деп ойлаймын. Словакия секілді Еуропаның мықты құрамаларын жеңуіміз керек. Әрине, бұл оңай емес. Бірақ осындай қарсыластармен ойындар арқылы футболшыларымыздың деңгейі де өседі. Бүгінгі кездесуде жастарға сенім артамын. Оларға өз мүмкіндігін көрсетуге жақсы мүмкіндік беріліп отыр», – дейді Нұрбол Орынтай.
Негізгі мәселе – Қазақстанның қорғанысы мен қарсы шабуылы
Бұл матчта Қазақстан үшін ең маңызды факторлардың бірі – қорғаныстағы тәртіп. Словакия допты бақылауда ұстап, қанат арқылы шабуыл ұйымдастыруға тырысса, қазақстандықтарға бос аймақтарды барынша азайту қажет. Ал допты тартып алғаннан кейін жылдам шабуылға шығу Қазақстан үшін тиімді тактикалық мүмкіндік болуы мүмкін. Себебі Словакия позициялық шабуылға көбірек мән берген жағдайда, оның қорғанысында бос кеңістіктер пайда болуы ықтимал. Сондықтан Қазақстанның бұл матчтағы мүмкіндігін тек бірінші ойынның нәтижесімен өлшеу дұрыс емес. Фарер аралдарындағы тең ойын команданың барлық мүмкіндігін көрсетті деу қиын. Керісінше, Кошицедегі кездесу жаңа бапкер тұсындағы Қазақстанның ұйымдасқан, тәртіпті және тактикалық тұрғыда қаншалықты дайын екенін көрсететін маңызды сынақ болмақ. Словакия өз алаңында ойнайды және алғашқы турдан кейін үш ұпаймен топ көшін бастады. Қазақстанда әзірге бір ұпай бар. Сондықтан бұл кездесудің нәтижесі топтағы алғашқы позицияларға ғана емес, Қазақстан құрамасының жаңа кезеңінің алғашқы бағасына да әсер ететін матчтардың бірі болады.