«Әуелі, газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі-дейді. Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатыны жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшінші, газет - халыққа білім таратушы. Төртінші, газет - халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықты арын арлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады» - деп газеттің халыққа пайдасы жөнінде атап өтеді.Осы бағытта қазақ зиялыларының қандай жұмыстары атқару керектігін де айқындайды. Алаштанушы Мәмбет Қойгелдиевтің «Қазақ» газетінің материалдары біріншіден, ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығындағы қазақ қоғамында болып өткен түрлі қоғамдық процестерді зерттеп тану үшін аса бағалы деректер, екіншіден бостандық үшін күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет еткен, — деп пайымдайды. Алаш азаматтарын толғандырған жайттың бірі тіл мәселесі болды. Қазақтың тарихын зерделейтін адамдардың жоқтғыы ескеріле отырып, қазақ елінің аңыз-әфсаналар мен қазақтың біртума дара тұлғалары туралы мәліметке қанық жандар болса, «Қазақ» газетіне жазуды да сұраған. Сонымен қатар, «Қазақ» газетінің алғашқы бетінде халықтың сауатын ашуға бағытталған материалдар да шығып тұрған. Егер қазақ балалары білім алар болса шет ел азаматтарымен тереземіз тең болары туралы және төңірегінде кей ауылдарда медресенің жоқтығы да айтылып, ондағы оқыған бай азаматтарға бір медресе салып берсе деген үндеу іспеттес мақалалар санаты да жарияланып отырған. Ал сауат ашып ұмтылған жастарға кітап жеткіліксіздігі де газет назарында болған. Мәселен, қазақ кітаптарының аздығы, кейбір орыс және төте жазуын оқыған қазақтардың жайы да көтерілген және олардың өз ана тілінде сөйлеуді ұят санамау керектігі мысал етілген. Мысалы, газеттің 1913 жылы 2 ақпандағы №1 санында: «Мұнан былай да осы бетімізбен жүре берсек, ықтисадта қазақ тілі азып-тозып, бірте- бірте тұтынудан шығып, әуелі қазақша жазу ұят көріне, онан әрі не болары белгілі» деп қазақ тілінің болашағы туралы мәселе көтереді. Кез келген қазақ зиялысы газет арқылы сол тұстағы қазақ еліндегі негізгі мәселелерді тілге тиек етті. Соған орай газет бетінде «Қазақтың тарихы» деген айдармен ұлт тарихына қатысты мәселелер қозғалып отырды. Мысалы, Ахмет Байтұрсынов «Түрік баласы» деген бүркеніш атпен «Қазақ тарихы» айдарымен жарияланған мақаласында: «…Біздің қазақ өзінің атынан айрылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы»- деп қазақ халқына ұлттық құндылығын сақтауды, тарихын білуді насихаттайды. Көріп отырғанымыздай, қазақ елінің болашағы мен болмысына, тіліне, ұмытылып бара жатқан дәстүрлі мәдениетіне нағыз жанашырлық танытқан қазақ зиялылары қаржы тапшылығына қарамастан «Қазақ» газетін жарыққа шығарып, осы аталған мәселелер төңерегінде жұмыс жасады. Олай болса осы 100 жыл толып отыр. Зиялылар армандаған тәуелсіздік пен жарқын болашақ жаршысы болған бұл басылым еліміздің өткен тарихынан мәліметтер беріп қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы өте зор. Олай дейтініміз ауыр кезеңдерге қарамастан қазақ болашағы үшін күрескен ұлт тұлғаларының ерекше қажырлылығы мен қайраты жастарға үлгі болары сөзсіз. Сол себепті «Қазақ» газеті ел тарихында аса маңызды орын ала берері сөзсіз. Пайдаланылған әдебиеттер:
- Әбсадықов А. Исина Н. Ахмет Байтұрсынұлының әдеби мұралары.
- Байтұрсынов А. Шығармалары. Алматы., 1991. 178 б.
- «Қазақ». Энциклопедия. Қазақ энциклопедиясы. Бас редакциясы.
- Кенжалин Д. Ұлт жаршысы. // «Егемен Қазақстан» газеті 2013 ж.2-3 бб
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Профессор м.а Абикенова Г.Е
Тарих факультетінің 1- курс магистранты Әбдуохап О.Ү