Жаңалықтар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің құтқарушылары мен төтенше жағдайлар саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Akorda.kzке сілтеме жасап.

 

Мемлекет басшысы құтқарушылардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, олардың тәуекелге барудан, қиын сәттерде адамдардың өмірін сақтап қалудағы ерліктерін жоғары бағалады.Президент атап өткендей:

 

«Конституциямыздың алғашқы бабында «Адам және адамның өмірі – мемлекеттің ең қымбат қазынасы» екені анық көрсетілген. Азаматтық қорғау саласының әр қызметкері ел қауіпсіздігі және азаматтарымыздың амандығы үшін қажырлы еңбек етуде. Шын мәнінде, құтқарушы болу – кез келген төтенше жағдайға дайын тұру, ешқандай қауіп-қатерге қарамастан адам өміріне араша түсу деген сөз. Бұл әрине, өте абыройлы іс, жауапты қызмет. Халқымыз өздеріңіз сияқты батыл, ержүрек және ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтарды әрдайым мақтан тұтады. Сіздердің адал қызметтеріңіз өскелең ұрпақ үшін өте жақсы үлгі-өнеге,» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары елімізде болған табиғи апаттардың ауыр салмағы құтқарушыларға түскенін атап өтті.

 

«Былтырғы алапат су тасқыны кезінде жұртты қауіпсіз жерге көшіріп, орман өрті мен тілсіз жаумен күрестіңіздер. Өзім де төтенше жағдай болған аймақтарға барып, ерлік пен табанды еңбекті көрдім. Соңғы 5 жылда құтқарушыларымыз 225 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалды, шетелдегі гуманитарлық миссияларда кәсіби деңгейін көрсетті. Елдің қауіпсіздігі мен халықаралық беделін арттыруға қосқан үлестеріңіз үшін зор алғысымды айтамын», – деді Президент.

 

Мерекелік шара аясында Қазақстан бойынша төтенше жағдайлар саласының үздік қызметкерлері марапатталып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

 

Барлық жаңалық