Жаңалықтар

Павлодар облысында 19 жастағы пациент терапевтті балағаттады

Павлодар облысының Железин аудандық сотында 19 жастағы тұрғынға қатысты әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Liter.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

 

Оқиға 2025 жылдың тамыз айында болған. Жас қыз Железин аудандық орталық ауруханасының терапевт дәрігерінің қабылдау бөлмесінде болып, медицина қызметкеріне дөрекі түрде балағат сөздер айтқан.

 

Сот құжаттарында көрсетілгендей, оның бұл әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзу және айналасындағыларға құрметсіздік таныту ретінде бағаланған.

 

Тыңдалым барысында ол кінәсін толық мойындап, кешірім сұрап, істеген ісіне өкінетінін жеткізді.

 

Нәтижесінде сот оны ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша кінәлі деп танып, 55 048 теңге көлемінде айыппұл салды. Шешім заңды күшіне енді.

Барлық жаңалық