Білім және ғылым

NIS оқушылары құрастырған жерсерік ғарышқа ұшырылды

NIS оқушылары құрастырған жерсерік ғарышқа ұшырылды

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары жеті жыл бойы әзірлеген шағын жерсерік ғарышқа ұшырылды. Бұл туралы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма басшысы Әнуар Жанғозин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ozgeris.info

Оның мәліметінше, 1 қазанда NIS-PQ жерсерігі Астана қаласындағы Нұра ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары әзірлеген жоба ретінде SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыран-тасығышы арқылы ғарышқа жіберілген.

Көлемі небәрі 5×5×5 сантиметр болатын шағын аппаратты жасау жұмысына 17 оқушы қатысқан. Жоба жеті жыл бойы жүзеге асырылып, оқушылар жерсеріктің корпусын жобалап, электрондық жүйесін құрастырып, бағдарламасын әзірлеген. Сондай-ақ олар аппаратты түрлі сынақтардан өткізіп, оны ғарышқа ұшыруға дайындаған.

Әнуар Жанғозин өз жазбасында мұндай жобалардың жүзеге асуына мемлекет пен Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл оқушылардың қабілетін дамытуға, ғылым мен технологияға қызығушылығын арттыруға және тың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Басқарма басшысы жоба жетекшісі Оралбек Бидайбековке, ұстаздар мен жобаға атсалысқан әріптестерге, сондай-ақ «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы мен халықаралық серіктестерге алғыс білдірді.

Жерсерік ұшырылғаннан кейін жұмыс жалғаса береді. Алдағы уақытта оның орбитадан жіберетін деректері қабылданып, ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Бұл мәліметтер Қазақстан мектептерінің оқушыларына қолжетімді болады деп жоспарланып отыр.

Жеті жылдық еңбектің нәтижесінде қазақстандық оқушылар өздері құрастырған жерсерікті ғарышқа шығарды. Бұл жоба жас ұрпақтың ғылым, техника және ғарыш саласына қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.

Барлық жаңалық