Жаңалықтар

Несиені кешіктіру: шартты қалай өзгертуге болады және қиындықтардан қалай құтылуға болады

Қазақстан азаматтары банктер, микрокаржы ұйымдары (МҚҰ) немесе коллекторлық агенттіктер алдында қарызға батқан жағдайда оны реттеудің арнайы тетіктері бар. Бұл жөнінде ozgeris.info сайты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

 

Егер азаматтың табысы азайып, не белгілі бір қиындықтарға тап болса, ол несие берген ұйымға қарыз шартын қайта қарауды сұрап өтініш жаза алады.

 

Өтінішке қоса мынадай құжаттар тіркелуі мүмкін:

 

  • жұмыссыз ретінде тіркелгенін растайтын анықтама;
  • жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу немесе ақысыз демалысқа жіберу туралы актысы;
  • уақытша еңбекке жарамсыздық парағы немесе мүгедектігі туралы құжат;
  • жақын туысының ауырғанын немесе қайтыс болғанын растайтын анықтамалар;
  • төтенше жағдайдан немесе заңсыз әрекеттерден келген материалдық шығынды дәлелдейтін құжаттар;
  • сот шешімдері және басқа да растайтын деректер.

 

 

Өтінішті тікелей кредит берушінің кеңсесіне бару арқылы, сондай-ақ келісім-шартта көрсетілген болса, мобильді қосымша немесе электронды пошта арқылы жолдауға болады. Кредитор 15 күн ішінде жауап беруге міндетті.

 

Несие берушінің жауабы қанағаттандырмаса, азаматтар омбудсменге арыз бере алады:

 

 

 

Омбудсменге өтініш жазғанда қарыз келісім-шарты, төлем кестесі, қаржылық қиындықты растайтын құжаттар, сондай-ақ кредиторға жолданған өтініш пен жауабы қоса берілуі тиіс. Бұл қызмет тегін және олардың шешімі міндетті түрде орындалуға жатады.

 

Егер борышкер қарызын мүлдем өтей алмайтын болса, “Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық” туралы заңға сәйкес банкроттық рәсімін бастай алады.

 

Қарызды есептен шығару үшін мына шарттардың барлығы орындалуы қажет:

 

  • жалпы қарыз көлемі 1600 АЕК-тен (шамамен 6,29 млн теңге) асуы;
  • қарызды жабуға жеткілікті табыс пен мүліктің болмауы;
  • соңғы 12 ай бойы төлем жасалмауы;
  • азамат жеке кәсіпкер болмауы және соңғы 7 жылда банкрот болмауы;
  • соңғы 5 жылда қарызды қайта құрылымдау рәсімін өтпеуі.

 

 

Бұл процесс тегін және eGov.kz порталы немесе ХҚКО арқылы іске асырылады.

 

Банкроттық қарыздан құтқарғанымен, белгілі бір шектеулер енгізіледі:

 

  • 5 жыл бойы несие және қарыз алуға болмайды;
  • 3 жыл бойы қаржы саласына қатысты мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметте жұмыс істеуге шектеу қойылады;
  • банкроттық деректері арнайы реестрге енгізіліп, қаржылық беделге әсер етеді.

 

Барлық жаңалық