Жаңалықтар

Металлургиядағы жаңа дәуір: "Қазақмыс" өндірісті жаңғырту үшін Қытаймен келіссөз жүргізді

Металлургиядағы жаңа дәуір: "Қазақмыс" өндірісті жаңғырту үшін Қытаймен келіссөз жүргізді

"Қазақмыс" корпорациясы аспанасты елінің жетекші өндіріс орындарымен байланысты бекемдеп жатыр. Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі бастаған делегация Қытайға арнайы жұмыс сапарымен барып, металлургия және энергетика саласындағы озық технологияларды зерттеді деп хабарлайды ozgeris.info сайты. 

Басты мақсат - отандық өндірісті жаңғыртып, қуат үнемдеу мен қауіпсіздік жүйесін халықаралық деңгейге көтеру.

Сапар барысындағы елеулі қадамдардың бірі Хубэй провинциясындағы "Daye Smelter" мыс балқыту зауытымен танысу болды. Бұл аумақтағы "Yangxin Hongsheng Smelter" кәсіпорнында қазақстандық мамандар өндірісті автоматтандыру, табиғатты қорғау және жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы тың шешімдерді өз көзімен көрді. Заманауи тәжірибелерді болашақта "Қазақмыс" нысандарында толықтай іске асыру көзделіп отыр.

Тиімді технологиялық шешімдерді іздеу мақсатындағы келіссөздер мұнымен шектелмеді. Кезекті маңызды жиын энергетикалық жабдықтар шығаратын ірі компания - "CNPC" (Jichai Power Company) өкілдерімен өтті. Тараптар автономды генерация мен өнеркәсіптік нысандардың қуат тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.

Ал әлемдік тау-кен металлургия нарығындағы ірі ойыншы "CNMC" (NFC) тобымен технологиялық әріптестік орнату бағытында мазмұнды әңгіме өрбіді. Екі жақ өндіріс тиімділігін арттырып, тәуекелсіз жұмыс ортасын қалыптастыру бойынша тәжірибе алмасты.

Қазіргі уақытта шетелдік өнеркәсіп алыптарымен, жабдық жеткізушілермен және әлеуетті серіктестермен кездесулер легі жалғасып жатыр. Мұндай ауқымды халықаралық байланыстар "Қазақмыс" кәсіпорындарының жұмысын тұрақтандырып, өндіріс тиімділігін еселей түсуге зор мүмкіндік береді.

Барлық жаңалық