«Жігіттер» тобының әншісі Ердос Қанаев әлеуметтік желіде өзіне қатысты айтылған пікірлерге жауап беріп, өмірлік толғанысын бөлісті. Оқырмандарының «қартайып кетіпсіз» деген сөздері әншінің ой салуына себеп болған.
Өнер иесінің айтуынша, адамның сырт келбетіндегі өзгерістер мен жүзіндегі іздер бастан өткерген ауыр кезеңдермен тікелей байланысты.
«Алдыңғы рилста «Қартайып кетіпсіз», «Бұл да қартайыпты» деген сынды комменттер жазылған екен. Үміт еткен балаң 10 жасында бақилық болса, артынан асқар тау Әкең о дүниелік болса қартаясың. Көз ілеспес шапшаңдықпен қартаяды екенсің. Күліп жүрген адамның бәрі бақытты емес, түсінгенім!» – деп жазды ол.
Ердос Қанаевтың бұл сөздері желі қолданушыларының жүрегін елжіретіп, оқырмандар өнер иесіне қолдау білдіріп жатыр.