Кредиттік тарих қазіргі таңда әрбір азамат үшін аса маңызды ұғымға айналды. Себебі ол банктің қарыз алушыға деген сенімін қалыптастырады. Көп жағдайда адамдарда «Кредиттік тарихтағы жағымсыз ақпаратты жоюға бола ма» деген сауал туындайды, деп жазады Ozgeris.info.
Кредиттік тарих тек банктер үшін ғана емес, сіз үшін де маңызды. Егер оң тарихыңыз болса сіз үлкен сомадағы кредитті оңай ала аласыз. Ал егер алдыңғы қарыздарыңызды уақтылы төлемесеңіз, онда банк жаңа несие беруге келіспейді. Тіпті ешқашан қарыз алмаған адам болсаңыз да, сіздің кредиттік тарихыңыз бос жазба болып тұрады.
Кредит ресімдеу кезінде банк міндетті түрде кредиттік бюродан деректерді сұратады. Мәселен, бір банктен қарыз алып, оны толық әрі уақытында өтесеңіз, бұл ақпарат сіздің тарихыңызға тіркеледі. Кейін басқа банктен кредит сұраған сәтте банк сіздің алдыңғы қарызды дұрыс өтегеніңізді көріп, сенімді клиент ретінде қарайды. Осылайша, кез келген банк берілген қаражаттың қайтарылатынына көз жеткізгісі келеді және жауапкершілігі бар адамдармен жұмыс істеуді қалайды.
Кредиттік тарихты қалай білуге болады? Қолданыстағы заң бойынша әрбір қазақстандық азамат жылына бір рет өзінің кредиттік тарихын тегін біле алады. Егер жыл ішінде бірнеше рет сұрау салынса, қызметтің құны 400 теңгені құрайды.
Қазіргі кезде кредиттік тарихты тексерудің бірнеше жолы бар. Онлайн режимде Бірінші кредиттік бюроның ресми сайты немесе 1CB.kz мобильді қосымшасы арқылы ЭЦҚ көмегімен ақпарат алуға болады. Бұдан бөлек, дербес несие есебін алу қызметі ұсынылады. Өтінішті онлайн толтырып, электронды қол қою арқылы рәсімдеген соң нәтиже жеке кабинетке түседі.
Ал оффлайн форматта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелерінде немесе «Қазпошта» бөлімдерінде жеке куәлікті көрсетіп, кредиттік тарихты білуге мүмкіндік бар.
«Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Заңға сәйкес, кредиттік бюролар алынған соңғы ақпараттан кейін он жыл бойы кредиттік тарихты сақтайды. Бұл дегеніміз жағымсыз деректерді жоюға жол берілмейді. Егер біреу сізге ақшаға кредиттік тарихты жақсартып беремін немесе жағымсыз жазбаларды өшіріп тастаймын десе, бұл алаяқтықтың айқын белгісі», дейді заңгерлер.
Сондықтан қаржы саласының мамандары азаматтарға жылына бір рет өздерінің кредиттік тарихын тексеріп отыруды ұсынады. Бұл тек бұрын қарыз алғандарға ғана емес, ешқашан кредит ресімдемеген адамдарға да маңызды. Өйткені алаяқтар кейде басқа адамның атына кредит рәсімдеуі мүмкін.