Жаңалықтар

Краковтағы жанжал: қазақстандық балуан мен Гордон Райан арасындағы төбелеске не себеп болды?

Краковтағы жанжал: қазақстандық балуан мен Гордон Райан арасындағы төбелеске не себеп болды?

Польшаның Краков қаласында өткен ADCC-2026 грэпплинг турнирі спорттық бәсекеден гөрі жаппай төбелеспен көбірек есте қалды. Жанжалға Қазақстанның жалғыз өкілі Бекзат Қапашов пен америкалық Дориан Оливарез арасындағы жекпе-жек себеп болған. Оқиға кезінде грэпплингтің бес дүркін әлем чемпионы, америкалық жұлдыз Гордон Райан да төбелеске араласып, бірнеше адамның соққысына тап болды.

Оқиғаның басталуына Қапашов пен Оливарездің жекпе-жегі түрткі болған. Қазақстандық спортшының айтуынша, кездесу барысында екі тарап та тыйым салынған әрекеттерге барған, ал жекпе-жек кезінде эмоция күшейген. Қапашов қарсыласының өзін арандатқанын айтып, оған жауап бергенін жасырмады.

Бір қызығы, алғашқы жекпе-жектен кейін Оливарез дисквалификацияланғанымен, екі спортшы кейін қайта кездескен. Бұл жолы америкалық балуан жеңіске жеткен. Алайда негізгі жанжал татамиде емес, одан кейін басталды. Қапашовтың сөзінше, Оливарездің әкесі әрі секунданты қазақстандық команда мүшелеріне дөрекі ишара жасап, балағаттаған. Осыдан кейін екі тараптың адамдары арасында төбелес басталған.

Сол сәтте басқа жекпе-жекте секундант болған Гордон Райан оқиғаға араласқан. Америкалық чемпионның айтуынша, ол алғашқы спортшыға соққы бергеннен кейін бірнеше қазақстандықтың назарын өзіне аударған. Райан әлеуметтік желідегі жазбасында бірнеше адамның өзін құлатып, басынан ұрғанын және тепкенін айтты. Соған қарамастан, ол оқиғаны әзілмен қабылдап, қазақстандықтарға «жекпе-жек үшін» алғыс білдірді және жекпе-жекке дайын екенін жеткізді.

Спортшы Нұрбол Орынтай Краковтағы жағдайға алаңдағанын, алайда қазір мәселе бақылауда екенін айтады. Оның сөзінше, жанжалға қатысқан қазақстандық спортшыларды өзі жақсы таниды және олардың әдейі жанжал іздейтін жігіттер емес екенін атап өтті.

– Бәріміз алаңдадық. Бірақ қазір ойдағыдай сияқты. Бұл жігіттерді білемін, залдарда бірге болғанбыз. Үлкен шу болып кетуге шақ қалды. Дегенмен бұл – спорт. Спорт болған соң эмоция болады. Біздің жігіттер өздері бірінші болып бастамайды. Ол жерде біз білмейтін біраз нәрсе бар.

Нұрбол Орынтай сондай-ақ Гордон Райанның әрекетіне оң баға берді. Оның пікірінше, америкалық спортшының оқиғадан кейін жағдайды тым ушықтырмай, қазақстандықтарға түсіністік танытуы кәсіби спортшыға тән мінез.

– Гордон Райан – нағыз кәсіби спортшы. Ол жігіттерге рахмет айтып, болған жағдайды қатты қабылдамағанын көрсетті. Бұл да оның деңгейін көрсетеді, – дейді Нұрбол Орынтай.

Бұл жерде маңызды мәселе — спорттағы эмоция мен тәртіптің арақатынасы. Грэпплинг сияқты жекпе-жек спорттарында қарсыластардың физикалық байланысы қалыпты болғанымен, жарыс алаңынан тыс төбелес спорттық мәдениетке сай келмейді. Әсіресе халықаралық турнирде мұндай әрекет жеке спортшылардың ғана емес, елдің де имиджіне әсер етеді. Лига оқиғаға байланысты екі тарапқа да бір жылдық дисквалификация берген. Яғни ұйымдастырушылар жанжалды бір жақтың ғана кінәсі ретінде қарастырмаған.

Тағы бір маңызды жайт — Қазақстанның Грэпплинг қауымдастығының бұл турнирге қатысы жоқ екені. Қауымдастықтың түсіндіруінше, ADCC — кәсіби әрі коммерциялық ұйым және оның жарыстары Қазақстан қауымдастығының ресми күнтізбесіне кірмейді. Бекзат Қапашов та турнирге мемлекеттік құрама құрамында емес, жеке тәртіппен барғанын айтты.

Осы жағдайдан екі қорытынды жасауға болады. Біріншіден, Қазақстан спортшыларының халықаралық кәсіби турнирлерге жеке күшпен шығып жүргені көрінеді. Екіншіден, мұндай деңгейдегі жарыстарда спорттық тәртіп пен команданың өзін ұстауы нәтиже сияқты маңызды. 

Краковтағы оқиға Қазақстан үшін үлкен спорттық жетістікпен емес, жағымсыз жанжалмен есте қалуы өкінішті. Бекзат Қапашовтың турнирде елдің жалғыз өкілі болғанын ескерсек, оған түскен жауапкершілік те жоғары еді. Спорттағы қызу бәсеке — заңды құбылыс. Бірақ татамидегі тартыс төбелеске ұласқан сәтте спорттың мәні жоғала бастайды. Сондықтан Краковтағы оқиға тек кімнің кімге соққы жасағанын емес, халықаралық жарыстардағы тәртіп, жауапкершілік және спорттық мәдениет мәселесін де қайта көтеріп отыр.

Барлық жаңалық