Спорт

Бір ұпайдың салмағы: «Қайрат» пен «Ордабасы» чемпиондық тақ үшін соңына дейін айқаса ма?

Бір ұпайдың салмағы: «Қайрат» пен «Ордабасы» чемпиондық тақ үшін соңына дейін айқаса ма?

Қазақстан Премьер-лигасының 26-туры чемпиондық жарыстың отына май құйғандай әсер қалдырды. «Ордабасы» өз алаңында «Астананы» жеңіп, қайтадан турнир кестесінің көшін бастады. Ал сол сәтте чемпионаттағы басты қарсыласы «Қайрат» өз алаңында «Тоболдан» 1:4 есебімен ойсырай ұтылды. Бір турдың ішінде көшбасшы тағы өзгерді. Енді шымкенттік клубтың қоржынында 58 ұпай, ал алматылықтардың еншісінде 57 ұпай бар.

Бұл маусымның ең қызықты тұсы да осында. Чемпиондыққа талас бір команда айқын басымдықпен алға шыққан жарысқа емес, әр тур сайын таразы басы ауып отыратын тартысқа айналды. Ал 26-турдағы «Астана» – «Қайрат» кездесуі бұл шиеленісті одан әрі қыздыра түспек.
 
«Ордабасы» қайтадан көш бастады. Бірақ ең қиын кезең енді басталады
 
26-турға дейін «Қайрат» көшбасшы болатын. Ал «Ордабасы» үшін «Астанамен» кездесу жай ғана үш ұпай үшін ойын емес, чемпиондық амбицияны сақтап қалу үшін міндетті түрде жеңіске жетуді талап ететін матч еді. Шымкентте өткен кездесуде алаң иелері осы қысымды көтере білді. «Ордабасы» алғашқы минуттардан-ақ ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Жасұлан Әмір мен Давид Абагна шабуыл шебінде белсенділік танытып, «Астана» қорғанысын әбігерге салды. Елордалық команда да қарсы шабуыл арқылы жауап берді. Бірақ бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Екінші таймда «Ордабасының» қысымы күшейе түсті. Ақыры 78-минутта Жасұлан Әмірдің голы матч тағдырын шешті. Бұл жерде бір ғана голдың өзі маусымның жалпы картинасын өзгертіп жіберді. «Ордабасы» үш ұпай алды, ал «Қайрат» сол кеште «Тоболға» қарсы төрт гол жіберіп қойды. Сөйтіп, шымкенттіктер тағы да бірінші орынға көтерілді. Бірақ 58 ұпай мен 57 ұпай арасындағы айырмашылық чемпиондықты шешетін алшақтық емес. Керісінше, бұл — әрбір келесі матчтың құнын бірнеше есе арттыратын жағдай.
 
«Қайраттың» жеңілісі — дағдарыс па, әлде бір ғана сәтсіз кеш пе?
 
Алматыдағы «Қайрат» – «Тобол» матчы турдың басты сенсациясы болды. «Қайрат» бұл ойынға ерекше мотивациямен шығуы тиіс еді. Себебі команда «Ордабасының» «Астананы» жеңгенін алдын ала біліп отырды. Демек, чемпиондық жарыста қайтадан көш бастау үшін алматылықтарға міндетті түрде үш ұпай қажет болатын. Алайда футболдың ерекшелігі де осында: есеп қағазда емес, алаңда шешіледі. 18-минутта Урош Милованович пенальтиден есеп ашты. «Қайрат» жауапты көп күттірмеді. 40-минутта Марк Гуаль таразы басын теңестірді. Бірақ алматылықтардың қуанышы ұзаққа созылмады. Төрт минуттан кейін Милованович тағы да гол соқты. Екінші таймда «Тобол» қарсыласының осал тұстарын өте шебер пайдаланды. 63-минутта Виталий Лисакович есепті 3:1-ге жеткізсе, 80-минутта Луис Герра «Қайраттың» қорғанысындағы қателікті пайдаланып, бос қақпаға доп енгізді. 1:4. Бұл жай ғана жеңіліс емес, чемпиондыққа таласып отырған команда үшін психологиялық тұрғыдан ауыр соққы.

Дегенмен бұрынғы шабуылшы, жастар құрамасының экс-ойыншысы Айдар Аргимбаев бұл нәтижеге байланысты «Қайратқа» үкім шығаруға асықпау керек деп есептейді. Оның пікірінше, мұндай матчтар кез келген команданың басында болады. Маусымды басынан аяғына дейін бір деңгейде өткізу өте қиын. Аргимбаев «Тобылдың» Алматыда толыққанды басымдық көрсеткенін атап өтіп, костанайлықтардың жеңісін заңды әрі әділетті деп бағалады.
Бұл пікірмен келіспеу қиын. «Тобыл» кездейсоқ жеңген жоқ. Костанайлықтар қарсыласының қателерін пайдаланып, ойынның шешуші кезеңдерінде салқынқандылық танытты.мСондықтан «Қайраттың» бұл жеңілісін чемпиондық жарыстың аяқталуы деп емес, командаға берілген ескерту ретінде қараған жөн.
 
«Тобыл» не көрсетті?
 
26-турдың ең үлкен сабағының бірі — чемпиондыққа таласып жатқан командалардың ешқайсысы өзін қауіпсіз сезіне алмайтыны. «Тобыл» Алматыға ұпай үшін ғана келген команда сияқты көрінген жоқ. Керісінше, костанайлықтар батыл ойнап, «Қайраттың» қорғанысын бірнеше рет қателесуге мәжбүр етті. 34 ұпаймен жетінші орында тұрған команда үшін бұл жеңіс турнирлік тұрғыдан да маңызды. Бірақ оның маңызы бұдан әлдеқайда кең. «Тобыл» чемпионаттағы фавориттердің бірін өз алаңында емес, дәл Алматыда 4:1 есебімен жеңіп, Премьер-лигада кез келген қарсыласты жазалауға қабілетті екенін көрсетті. Бұл нәтиже «Ордабасы» мен «Қайратқа» да белгі. Алда әлі қиын кездесулер бар. Бір сәттік босаңсу чемпиондық жарыста өте қымбатқа түсуі мүмкін.
 
Уразбахтиннің сөзі және чемпиондық жарыстың саяси емес, спорттық сипаты
 
«Қайрат» – «Тобыл» матчынан кейін Рафаэль Уразбахтиннің баспасөз мәслихатындағы сөзі де назар аудартты. Бапкерден «Астана» бас бапкері Григорий Бабаянның сары қағаз қаупіне байланысты кейбір футболшыларын сақтап қалғаны және «Қайраттың» құрамында үш сары қағазы бар Эдмилсон мен Александр Мартыновичтің алаңға шыққаны туралы сұралды. Уразбахтин бұл пікірге өте қатты реакция білдірді. Ол мұндай сөздерді «бос әңгіме» деп бағалап, футболда қандай да бір жетістікке жету үшін әртүрлі жолды таңдауға болады дегенмен, ең бастысы адамның өз ар-ұяты алдында таза болуы екенін айтты. Бұл жерде эмоциядан бөлек, чемпионаттың қазіргі атмосферасын да байқауға болады.

Көшбасшылар арасындағы ұпай айырмасы небәрі бір болған кезде әрбір шешім, әрбір құрам, әрбір сары қағаз, тіпті әрбір күннің айырмашылығы талқыланады. Оған қоса, Уразбахтин «Астанадан» келесі матчты бір күнге кейінге шегеруді сұрағандарын, бірақ елордалық клубтың бұл ұсынысқа келіспегенін де айтты.
Ал «Астана» мен «Қайрат» арасындағы келесі матч 17 қыркүйекте өтеді. Бұл ойынның алдында-ақ дау-дамайдың пайда болуы кездейсоқ емес. Себебі оның турнирлік салмағы өте жоғары.
 
17 қыркүйек: «Астана» – «Қайрат» матчы чемпиондық жарысқа әсер ете ме?
 
Қазіргі турнирлік кестеге қарасақ, «Астана» үшін де бұл ойын өте маңызды. Елордалық клуб 45 ұпаймен үшінші орында. «Қайрат» болса, 57 ұпаймен екінші орында. Бірақ бұл кездесуді тек үшінші және екінші орын иелерінің ойыны деп қарау дұрыс емес. «Қайрат» жеңілсе, чемпиондық жарыста тағы да маңызды ұпай жоғалтады. Ал «Астана» өз алаңында жеңіске жетсе, үшінші орынға талас тұрғысынан ғана емес, чемпиондық жарыстың өзіне де жанама түрде әсер ете алады. Оның үстіне «Астана» 26-турда «Ордабасыдан» жеңілді. Демек, елордалықтар қатарынан екі кездесуінде де ұпай жоғалтқысы келмейтіні анық. Бір қызығы, «Ордабасы» мен «Қайраттың» чемпиондық тағдыры енді бір-біріне ғана емес, үшінші командалардың нәтижелеріне де тәуелді бола бастайды.
 
«Қайрат» үшін ештеңе жоғалған жоқ»
 
Сарапшылар «Тоболдан» жеңілгеннен кейін «Қайрат» үшін жағдайдың күрт нашарлап кетпегенін атап өтті. Себебі «Ордабасы» мен «Қайраттың» арасындағы айырмашылық — бар болғаны бір ұпай. Бұл — өте орынды баға. Футболда 26 турдан кейін бір ұпайлық айырмашылықты үлкен артықшылық деп айту қиын. Сарапшылардың пікірінше, екі команда да чемпиондық үшін соңына дейін күреседі және олардың әрқайсысының алдында қиын ойындар бар. Сондықтан кімнің соңында сүрінетіні ғана емес, кім қысымға төтеп беретіні шешуші факторға айналады. Мұнда чемпиондық жарыстың тағы бір маңызды қыры бар. Қазір мәселе тек тактикада немесе футболшылардың шеберлігінде емес. Психологияда. Көшбасшы команда әр турда «ұтылмау керек» деген қысыммен ойнайды. Ал қуып келе жатқан команда үшін әрбір жеңіс үмітті күшейтеді.

«Ордабасы» дәл қазір көшбасшы болғанымен, оның иығында лидердің қысымы бар. «Қайрат» бір ұпайға қалып тұр. Демек, алматылықтар үшін жағдайдың артықшылығы — қарсыласын қуып жетуге мүмкіндік бар. Сондықтан чемпиондықтың психологиялық таразысында екі команданың да салмағы шамалас.
 
Қайсысының мүмкіндігі жоғары: «Қайрат» па, «Ордабасы» ма?
 
Бұл сұраққа дәл қазір біржақты жауап беру қиын. «Ордабасының» басты артықшылығы — бір ұпайлық көшбасшылық. Сонымен қатар шымкенттік команда шешуші сәтте «Астананы» жеңіп, қысым жағдайында нәтиже шығара алатынын көрсетті. «Қайраттың» артықшылығы — ұзақ маусымдағы тәжірибесі мен чемпиондық деңгейдегі құрамының әлеуеті. Бір ауыр жеңіліс команданың бүкіл маусымдағы жұмысын жоққа шығармайды.

Бірақ «Тоболдан» 1:4 есебімен жеңілгеннен кейін бір мәселе анық көрінді: «Қайрат» қорғаныстағы қателіктерді азайтуы керек. Чемпиондық жарыстың соңғы кезеңінде мұндай қателіктердің бағасы өте жоғары болады. Ал «Ордабасы» дәл қазір қарсыласына қарағанда бір қадам алда тұр. Сондықтан осы сәттегі фаворит ретінде «Ордабасыны» атауға болады. Бірақ басты чемпиондық фавориттер бәрібір екеу — «Ордабасы» мен «Қайрат». Бір ұпайдың өзі бұл жерде нақты артықшылық емес. Ол тек көшбасшының атына жазылған цифр.

Футбол сарапшысы Тұрар Ғабдрашиттің айтуынша, чемпиондық жарыста әзірге ештеңе шешілген жоқ.

«Қазір көпшілік «Ордабасы» көш бастады екен деп бәрін шешіліп қойғандай қабылдамауы керек. «Қайраттың» да мүмкіндігі жеткілікті. Былтыр да чемпионның тағдыры соңғы турларға дейін шешілмеген еді. Биыл да сондай сценарий қайталануы ғажап емес. Бұл, бір жағынан, Қазақстан Премьер-лигасындағы бәсекенің күшейгенін, чемпионат сапасының өсіп келе жатқанын көрсетеді. «Қайраттың» артықшылығы – құрамының кеңдігі. Команда еурокубокта да өнер көрсетіп жүр. Соған қарамастан, олардың академиясы бар, қосалқы құрамнан ойыншы шығара алады. Ресурсы жеткілікті клубтардың бірі. Сондықтан бәрі бас бапкердің шешімдері мен команданы психологиялық тұрғыдан дайындай білуіне байланысты болады. Ал «Ордабасы» әзірге өз деңгейінде ойнап жүр. Шымкенттік команда қысымға қарамастан нәтижеге қол жеткізіп келеді. Сондықтан чемпиондық таласта дәл қазір нақты фаворитті айту қиын. Маусым соңына дейін интрига сақталады деп ойлаймын, – дейді Тұрар Ғабдрашит.

Қола үшін тартыс та қыза түсті
 
Чемпиондық жарыстың көлеңкесінде қола медаль үшін күрес те өте қызық сипат алып келеді. «Астана» 26-турда жеңіліп қалды. Бірақ «Окжетпес» те Павлодарда «Ертіске» есе жіберді. Сондықтан елордалық клуб үшін бұл тур толыққанды сәтсіздікке айналған жоқ. Ал «Ақтөбе» «Каспийді» Актауда 2:1 есебімен жеңіп, қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді.

«Қызылалардың» мақсаты анық — медальдік аймаққа барынша жақындау. «Каспий» алғашқы таймда жақсы мүмкіндік алған. Идрис Умаев тоғызыншы минутта қақпа бағанасын дәл көздеді. Кейін «Ақтөбе» пенальти алды, Артур Шушеначевтің соққысын Дінмұхаммед Жомарт қайтарды. Бірақ добивкадан Даниэль Соса есеп ашты. Екінші таймда Шейи Оджо есепті 2:0 етті. «Каспий» соңында бір доптың қарымтасын қайтарғанымен, уақыт жетпеді. «Ақтөбе» үшін бұл үш ұпайдың маңызы өте зор.
 
«Ертіс» пен «Окжетпес»: Павлодардағы күтпеген нәтиже
 
«Окжетпес» үшін Павлодарға сапардың мақсаты анық еді — «Астананың» жеңілгенін пайдаланып, үшінші орынға жақындау. Бірақ алаң иелері басқаша ойлады. «Ертіс» бірінші таймда керемет ойнап, Лео Калил Абдаланың дубльінің арқасында 2:0 алға шықты. Абдала екінші таймның басында хет-трик жасауға мүмкіндік алғанымен, пенальтиді қақпаға дарыта алмады. «Окжетпес» 72-минутта Оралхан Өміртаевтың голымен есепті қысқартты. Бірақ таразы басын теңестіруге павлодарлықтар мүмкіндік бермеді. «Ертістің» бұл жеңісі төменгі бөліктегі күрес үшін алтыннан да қымбат үш ұпай.
 
Төменгі алтылықтағы жүйке ойыны
 
26-турдан кейін Премьер-лиганың төменгі бөлігіндегі жағдай да біртіндеп шиеленісіп барады. «Алтай» Жезқазғанда «Ұлытауды» 3:0 есебімен жеңді. Бірінші таймда гол соғылмағанымен, үзілістен кейін Өскемен клубы қарсыласын толық бақылауға алды. Дарко Додев есеп ашса, Сейф Попов дубль жасап, матчтың тағдырын шешті. «Алтай» үшін бұл жай ғана жеңіс емес — элитада қалу жолындағы үлкен қадам. Ал «Ұлытаудың» екінші айналымдағы сәтсіз сериясы жалғасып келеді. Семейдегі «Елімай» – «Жетісу» матчы да дәл осындай маңызды болды. «Жетісу» Марко Живановичтің голымен ерте есеп ашқанымен, «Елімай» 17 және 21-минуттарда екі гол соғып, ойын тізгінін өз қолына алды. Роман Мұртазаевтың бұл кездесудегі голы оның чемпионаттағы оныншы добы болды. «Елімай» жеңіп, алғашқы алтылықтағы орнын сақтап қалды. Ал «Жетісу» соңғы орынға түсіп қалды. Қызылорданың «Қайсары» да маңызды үш ұпайға қол жеткізді. «Атырауға» қарсы кездесуде Никола Цуцкичтің 83-минуттағы голы алаң иелеріне жеңіс әкелді. Осылайша «Қайсар» төменгі позициялардағы күресті одан әрі шиеленістірді.
 
Чемпиондықты не шешеді?
 
26-турдың қорытындысына қарап, «Ордабасы» мен «Қайраттың» чемпиондық тағдырын бірнеше фактор анықтайды. Біріншісі — тікелей кездесулер. Екі команда арасындағы әр ойынның маңызы қазір еселеніп отыр. Екіншісі — сыртқы қысым. «Қайрат» та, «Ордабасы» да енді кез келген матчта фаворит ретінде алаңға шығады. Ал фавориттің әр ұпай жоғалтуы үлкен оқиғаға айналады. Үшіншісі — қорғаныс. «Қайраттың» «Тоболдан» төрт гол жіберуі осы тұрғыдан дабыл болуы тиіс. Чемпиондықты шабуылшылар жеңіп әкелуі мүмкін, бірақ титулды көбіне тұрақты қорғаныс сақтап қалады. Төртіншісі — психологиялық дайындық. 26-турдан кейін екі команданың да әр матчы финалға ұқсай бастайды. Ал бесінші фактор — қарсыластар.
«Тобол» дәл осы турда «Қайратқа» не көрсетті? Қазақстан чемпионатында оңай қарсылас жоқ екенін. Костанайлықтар Алматыдан төрт голмен қайтты. Демек, «Қайратқа» да, «Ордабасыға» да маусым соңына дейін бір сәтке де босаңсуға болмайды.
 
Алда не бар?
 
26-тур өтті. «Ордабасы» — 58 ұпай. «Қайрат» — 57 ұпай. «Астана» — 45 ұпай. Бір қарағанда, шымкенттік клубтың жағдайы жақсырақ. Бірақ чемпионаттың аяқталуына әлі бірнеше тур бар. Ал футболда бір ұпайдың өзі кейде алтын медаль мен күмістің арасындағы айырмашылыққа айналады. «Қайраттың» «Тоболдан» жеңілуі чемпиондық жарысты тоқтатқан жоқ. Керісінше, оны бұрынғыдан да қызықты етті. Ал «Ордабасы» көшбасшылықты қайтарып алғанымен, енді оны ұстап қалу міндеті тұр. Шын мәнінде, 26-турдан кейін чемпиондық жарыста бір ғана сұрақ қалғандай: «Ордабасы» көшбасшылықты сақтай ала ма, әлде «Қайрат» қайтадан жауап бере ме? Сарапшылар айтқандай, «Қайрат» үшін әлі ештеңе жоғалған жоқ. Бірақ дәл сол сияқты «Ордабасы» үшін де қателесуге мүмкіндік азайып барады. Ең бастысы — енді екі команда да бір-бірінің нәтижесіне қарайды. Бір ұпай. Екі фаворит. Бір чемпиондық тақ. Ал маусымның шешуші бөлігі енді ғана басталып келеді.

Барлық жаңалық