Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова отандық шоу-бизнес сахнасында сырт көзге жарқырап көрінетін әлемнің көлеңкесінде жатқан өзекті мәселелерге назар аударды. Stan.kz YouTube арнасына берген сұхбатында әнші қазіргі эстрадада хайпқа негізделген жүйе қалыптасқанын, фонограммаға тәуелділік күшейгенін және таланттан гөрі танымалдықтың алға шыққанын сынға алды, деп хабарлайды Оzgeris.infо.
Өнер иесінің айтуынша, жанды дауыспен, шынайы өнер көрсететін дарынды жастар көрермен жинау үшін ашық-шашық киіммен сахнаға шығатын орындаушылардың көлеңкесінде қалып отыр. Сонымен қатар ол өзін жұлдыз санайтын кейбір жас әншілердің кәсіби деңгейі төмен екенін де жасырмады.
«Қазір әнші де, әртіс те тым көбейіп кетті. Алайда олардың арасында сауатсыз, сөзді дұрыс айта алмайтындар аз емес. Ән мәтіндерінің мағынасы жұтаң, мазмұны жоқ. Киелі сахнаға ашық-шашық киіммен шығып, арена толтырып жүргендер бар. Бір-екі әнмен табыс тауып, соған мәз. Ал халыққа берері шамалы», — дейді Жеңіс Ысқақова.
Сондай-ақ әнші соңғы уақытта кейбір орындаушылардың бір әннің ішінде бірнеше тілді араластырып айтуын да сынға алды. Оның пікірінше, бұл үрдіс тыңдарман санасын шатастырып, тілдің бұрмалануына әкеледі. Соның салдарынан нағыз таланттар тасада қалып жатыр.
Сұхбат барысында Жеңіс Ысқақова әлеуметтік желіде өнер адамдарының жеке өмірін хайпқа айналдыратындарды да қатаң сынға алды. Ол қаралым үшін әншілерді аңдып, рұқсатсыз видеоға түсіріп, ақпаратты бұрмалап тарататындардың көбейгенін айтты.
Сонымен қатар әнші Мұқасан Шахзадаевқа қатысты тараған дау жөнінде де өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, әртістер де қарапайым адам секілді эмоцияға беріліп, ашулануы мүмкін.
« Әртіс те адам. Кейде көшеде әншіден басқа ешкім төбелеспейтіндей әсер қалдырады. Біреу сүрініп кетсе, соны да дауға айналдырады. Мұқасанға келсек, ол эстраданың серісі, әрдайым жинақы, таза жүретін жігіт. Бұрын оның біреуге қол көтергенін көрмедім. Кез келген оқиғаның екі жағы бар. Бұл жағдайдың өнерге қатысы жоқ, біз білмейтін басқа себептері болуы мүмкін», – дейді ол.
Жеңіс Ысқақованың пікірінше, мұндай мәселелерді жарияға салмай, тараптар өзара шешуі керек еді. Алайда кейбір желі қолданушылары бұл жағдайды да хайпқа айналдырып, жалған ақпарат таратып отыр дейді.
«Олардың мақсаты қаралым жинау. Мұқасанның тағдыры да, екінші тараптың жағдайы да олар үшін маңызды емес. Әншілердің де отбасы, ата-анасы, бала-шағасы бар. Олар біреудің контенті үшін қуыршақ емес. Егер кінәсі болса, заң алдында жауап береді. Бұған дейін Жұбаныш Жексенұлына қатысты да осындай жағдай болды. Үлкен, елге сыйлы азаматты жұрт алдында қаралаудың қажеті бар ма? Өнер адамдарының тағдырын хайпқа айналдыруды тоқтату керек», — деп түйіндеді әнші.