Шығыс Жезқазған кенішінің «Анненск» шахтасында төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылды пысықтау мақсатында ауқымды оқу-жаттығу дабылы қағылды. Шараға кеніш жұмысшыларынан бөлек, тау-кен және газдан құтқару қызметтері, сондай-ақ арнайы өрт сөндіру бөлімшелері жұмылдырылды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Жаттығу жоспары бойынша скип оқпанының мұнаралы коперінде өрт шыққан. Барлық қатысушылар шынайы апат жағдайына барынша жақын деңгейде әрекет етті. Құтқарушылар мен қызметкерлер келесі міндеттерді жедел орындап шықты:
- Жұмысшыларды қауіпсіз аймаққа эвакуациялау;
- Қауіпті аумаққа кіруді бұғаттау;
- Шартты түрде зардап шеккен жұмыскерді іздеп тауып, алғашқы көмек көрсету;
- Арнайы техниканың көмегімен өртті ауыздықтап, толық сөндіру.
Жиын қорытындысы бойынша мамандар қатысушылардың іс-әрекетіне талдау жасап, қауіпсіздік жүйесін одан әрі күшейту жолдарын айқындады.
Бұл шара «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жариялаған «Өндірістік қауіпсіздік жылы» аясында ұйымдастырылып отыр. Жалпы, 2026 жылы компанияға қарасты кәсіпорындарда 100-ге тарта осындай практикалық жаттығу өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында Тау-кен шахта жабдықтары зауытының механикалық цехында да жоспарлы оқу-жаттығу өтті. Онда да жұмысшылар мен құтқарушылар өрт сөндіру және зардап шеккендерді құтқару алгоритмін пысықтады.
Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, мұндай жүйелі шаралар жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау бағытындағы басты басымдықтың нақты көрінісі болып табылады.