Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, 18 млрд теңге – тек үш айдан астам уақыт кешіктірілген қарыздардың ғана сомасы. Бүгінде ел бойынша 300 мыңнан астам бала алиментсіз отыр, олардың арасында ерекше қажеттіліктері бар кәмелетке толмағандар да бар. Осыған байланысты депутат Үкіметке қайтарылған заңсыз активтер есебінен арнайы «Алимент қорын» құруды ұсынды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков бұл бастаманың өте өзекті екенін және Үкіметте міндетті түрде қаралатынын жеткізді. Алайда қор құру үшін экономикалық блокқа жауапты Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің келісімі қажет.
Вице-министр қарызгерлермен күресу үшін цифрлық жүйелердің, оның ішінде жасанды интеллекттің іске қосылғанын мәлімдеді. Енді жалақысын әдейі аз көрсетіп, алимент төлеуден қашатындар қатаң бақылауға алынады.
«Бұрын қызметкер жалақысының басым бөлігін конвертпен алып, ресми түрде 70 мың теңге (ең төменгі жалақы) аламын деп көрсетіп, сол сомадан ғана алимент төлеуі мүмкін еді. Енді бізге жасанды интеллект көмектеседі. Мысалы, егер азамат Астанада инженер болып жұмыс істесе, ол қалайша 200 мыңнан кем айлық алуы мүмкін? Демек, ол қалған ақшаны конвертпен алады деген сөз!» – деп түсіндірді Молдабеков.
Сонымен қатар, жаңа жүйе аясында мекеме есепшілеріне алимент төлемдерін уақытылы аударуды ескертетін арнайы push-хабарламалар жіберілетін болады. Бұл қадамдар алимент өндіріп алу процесін әлдеқайда ашық әрі тиімді етуге бағытталған.