💰 Экономика

Жағдайы төмен отбасыларға жаңа көмек түрі енгізілді

Президент тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға тікелей көмек көрсету үшін жаңа тетік іске қосылды. Бұған дейін мемлекет әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын шектеу арқылы қолдау жасаса, енді бұл жүйе біртіндеп тоқтатылады, деп жазады Ozgeris.info.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтың айтуынша:

 «Біз әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тікелей реттеуден бас тартып, атаулы әлеуметтік көмекке көшеміз. Сауда үстемесінің 15%-ын бақылау орнына азық-түлікке шекті баға қою тетігі алынып тасталады», деді ол.

Қазір дайындық кезеңінде «Цифрлық азық-түлік ваучері» атты пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба арқылы мұқтаж адамдарға арнайы ваучерлер беріледі. Сол ваучерлерді қолданған кезде олар әлеуметтік маңызы бар тауарларды үстеме бағасыз, яғни тікелей төмен бағамен сатып ала алады. Бұл жүйе көмектің әділ және нақты бөлінуін қамтамасыз етпек.

Министр атап өткендей:

 «Мемлекет басшысының тапсырмалары ерекше бақылауда. Әр шара жоспар бойынша, уақытылы әрі сапалы түрде іске асырылады».

Үкіметтің жаңа шаралары ел экономикасының тұрақты дамуына, кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Қазақстанның халықаралық саудаға тиімді кірігуіне жол ашады.

Барлық жаңалық