Қазақстанда ипотекалық несиенің шекті жылдық мөлшерлемесі төмендетілді. Бұрын 25% болса, енді ол 20%-дан аспауы тиіс, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл талап 2025 жылдың 16 маусымынан бастап күшіне енеді. Тиісті шешімді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлесіп қабылдады.
Жаңа шектеу тек ипотекаға қатысты. Қалған несиелер үшін бұрынғы мөлшерлемелер сақталады. Мәселен, кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша шекті мөлшерлеме – 46%, ал кепілмен берілетін кредиттер үшін – 35%. 45 күнге дейін берілетін экспресс несиелердің пайызы күніне 0,3%-дан басталып, жылдық 179%-ға дейін жетуі мүмкін.
2026 жылдан бастап ипотека рәсімдеу тәртібі күрделене түседі. Банктер қарыз алушылардың төлем қабілетін мұқият тексереді. Тәуекелі жоғары клиенттерге талап күшейтіледі.