📰 Сарапшылар пікірі

iPhone 17 Pro-ны алуға кімнің шамасы жетеді?

Елімізде жаңа iPhone 17 Pro сатылымға шыққаннан бері қоғамда тағы бір қызық үрдіс байқалды. Бағасы 860 мың теңге тұратын бұл құрылғы елдегі әлеуметтік теңсіздіктің айқын көрсеткішіне айналып отыр. Біреу оны ай сайынғы табысымен-ақ оңай ала алады, ал біреу үшін ол бірнеше айға созылатын қаржылық жоспарлауды, тіпті несие рәсімдеуді талап етеді, деп жазады Ozgeris.info.

Экономиканың әр саласында табыс деңгейі бірдей емес екені белгілі. Дегенмен цифрлану дамып, жаңа жұмыс орындары ашылғанымен, халықтың барлығы бірдей қымбат гаджеттерді сатып алатындай деңгейге жете қойған жоқ. Осы  туралы EconomyKZ-тің тәуелсіз сарапшысы Ерлан Каримов та алаңдаушылығын білдірді.

«iPhone 17 Pro бүгінде жай ғана смартфон емес, қоғамдағы айырмашылықты көрсететін әлеуметтік айнаға айналып отыр. Оның бағасы халықтың нақты табысы мен шынайы сатып алу қабілетін айқын көрсетіп береді. Жалақысы жоғары салаларда жұмыс істейтіндер үшін бұл құрылғыны бірден сатып алу ешқандай қиындық туғызбайтын қалыпты дүние. Ал табысы орташа немесе төмен азаматтар үшін бұл – ұзақ уақыт бойы есептеп, жинап барып қана қол жеткізетін, тіпті көбіне несиеге жүгінуді талап ететін үлкен сатып алу. Қазір ел ішінде несиеге деген тәуелділіктің күшейіп бара жатқаны да осы тенденциямен тығыз байланысты. Қазақстандықтардың жеке тұтынуға алған несиесінің үлесі 62%-ға жетуі – халықтың өзі тұратын аймақтағы табысына сай тауар ала алмай, қаржылық құралдарға жүгінуге мәжбүр болып отырғанының дәлелі. Сондықтан iPhone сияқты қымбат техника – тек сән үшін алынатын зат емес, ел экономикасындағы теңсіздіктің қандай деңгейде тұрғанын көрсететін ерекше индикатор».

Осы пікір елдегі нақты жағдайды дәл сипаттайды. Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылдың тамызындағы жалпы несие көлемі 38 трлн теңгеден асқан. Сондай-ақ бұл несиенің 62%-ы халықтың жеке тұтынуына жұмсалғаны белгілі. Бұл көрсеткіш смартфон, тұрмыстық техника, құнды заттар секілді тауарларды алу үшін несиеге сенетін азаматтардың көбейгенін білдіреді.

Елдің орташа жалақысы мен аймақтар арасындағы айырмашылық та үлкен мәселе болып тұр. Бюро ұлттық статистикасының деректеріне сүйенсек, 2024 жылы орташа айлық жалақы 384 мың теңге болған. Демек, бір айда ешқандай шығынсыз ақша жинаған күннің өзінде жаңа iPhone-ды алу үшін 2 айдан аса уақыт қажет.

Салалар бойынша алсақ, тек IT, қаржы және мұнай-газ саласында істейтін мамандар айфонды еш қиналмай бірден ала алады. Қалған салалардағы жағдай мүлдем бөлек. Қазақстанның көп өңірінде айлық табыс бірнеше айға жетпейді, сондықтан қымбат смартфон алу – үлкен жоба.

Аймақтар арасындағы айырмашылық та үлкен. Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстары – еліміздегі жалақысы ең жоғары өңірлер. Бұл жерде iPhone орта есеппен 1,5 айлық табысқа тең. Алматы мен Астанада айлық табыс пен баға саясатының ара қатынасы біршама жақын, сондықтан мұнда смартфон шамамен 1,8 айлық жалақының көлемінде. Ал Жетісу, Түркістан, Солтүстік Қазақстан сияқты облыстарда айфон алу үшін 3 айдан да көп еңбек етуге тура келеді.

Осындай көрсеткіштер елдегі әлеуметтік теңсіздік тек сөз жүзінде емес, күнделікті өмірде қалай көрініс табатынын нақты көрсетіп отыр. Біреу үшін жаңа смартфон – жай ғана жаңарту, ал біреу үшін – ұзақ уақыт бойы ойланатын, алдын ала дайындықты талап ететін үлкен шығын.

Барлық жаңалық