Қазақстанның Ауғанстандағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі, генерал-майор Өміртай Бітімов «QASQA JOL» YouTube жобасына берген сұхбатында шетелдегі этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуы мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ozgeris.info.
Оның айтуынша, тәуелсіздік алғаннан кейін шетелдегі қазақтардың елге оралуға деген талпынысы күшейді. Себебі елдегі қоғамдық-саяси ахуал түбегейлі өзгеріске ұшырады.
Бітімов Ауғанстандағы қазіргі жағдайға тоқталып, қыз балалардың білім алуына және еркін өмір сүруіне мүмкіндік шектеулі екенін айтты. Осыған байланысты Ауғанстаннан келетін қандастарды бөліп-жармай, қоғамға бейімдеу қажет екенін жеткізді. Оның пікірінше, арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданып, оларды жүйелі түрде елге көшіру керек. Сондай-ақ ол Иран мен Ауғанстаннан келген қазақтарға қатысты «радикал» деген көзқарас қате екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, спикер Қытайдан қоныс аударған этникалық қазақтар туралы да пікір білдірді. Ол азаматтық беру мәселесін кезең-кезеңімен қарастыруды ұсынып, алдымен тұрақты тұруға рұқсат беріп, бейімдеу шараларын жүргізу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, қазіргі таңда Қытай тарапынан тікелей қауіп бар деп айту орынсыз екенін, Қытайдың әлемдік державаға айналғанын және технология мен экономика саласында қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, бүгінгі жағдайда Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнату – заман талабы.