Калифорнияның Сан-Хосе қаласындағы сот Google компаниясына 314 млн доллар айыппұл салу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады. Технологиялық алпауыт Android құрылғылары арқылы азаматтардың жеке деректерін олардың келісімінсіз жинап отырғаны үшін кінәлі деп танылды, деп жазады Ozgeris.info.
Сот деректеріне сәйкес, Google Android қолданушылары Wi-Fi желісінен ажыраған кезде де олардың орналасқан жері мен құрылғы мәліметтерін жинап отырған. Бұл үдерісте пайдаланушылардың мобильді интернеті жұмсалып, деректер Google серверлеріне жіберілген. Яғни, компания бұл қызметті тұтынушының есебінен іске асырған.
Жиналған деректер негізінен нысаналы жарнама жүйесін жетілдіру және картографиялық сервистерді дамыту үшін қолданылған. Мұндай әрекет жеке өмірге қол сұғу ретінде бағаланып, ұжымдық шағыммен сотқа жеткізілген.
Google компаниясының өкілі Хосе Кастаньеда сот шешімімен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, “деректерді жинау Android құрылғыларының қауіпсіздігі мен тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет болған”. Сонымен қатар ол сот алқаларының бұл процестің мәні мен ауқымын дұрыс бағаламағанын атап өтті.
Компанияға қарсы алғашқы шағымдар 2019 жылы түскен. Арыз иелері Android құрылғыларының деректерді автоматты түрде жіберетініне алаңдаушылық білдірген. Алайда, сот шешімі тек алты жылдан кейін қабылданды. Бұл – жеке деректердің құндылығы мен оны қорғауға қатысты құқықтық жүйенің күрделілігін көрсетеді.
Айта кетейік, Google-ға бұған дейін де түрлі елдерде ірі айыппұлдар салынған. Мәселен, Ресей билігі компанияға 1,8 дуодециллион рубль көлемінде айыппұл салған болатын. Бұл – 39 нөлі бар математикалық шамадан тыс сома.