🤖 Digital

«Фильмді енді бір адам түсіре ала ма?»: ЖИ киноиндустрияны қатты өзгертіп жатыр

«Фильмді енді бір адам түсіре ала ма?»: ЖИ киноиндустрияны қатты өзгертіп жатыр

Қазір шап-шағын ғана құраммен, тіпті бір автор бірнеше цифрлық құралдың көмегімен толыққанды туынды жасауға мүмкіндік алып отыр. Мұның ауқымын Астанада алғаш рет өткен Astana AI Film Festival-дің өзі көрсетті. 

Тұңғыш рет өтіп отырған аталмыш байқауға 125 елден 8 067 фильм ұсынылды. Жасанды интеллект киноны арзандатып, оны көпшілікке қолжетімді ете ме? Режиссер, әртіс пен үлкен түсірілім тобына қажеттілік азая ма? 

Ozgeris.info сайты жуырда өткен ауқымды фестиваль жөнінде сала өкілдерінің пікіріне сүйеніп, AI-киноның әлеуетіне тоқталды..

 

125 елден қатысқан 8 мыңнан астам фильм

1-3 қазан күндері Астанада өткен Astana AI Film Festival жасанды интеллект көмегімен жасалған кинотуындыларды бір алаңға жинады. Фестивальге 125 елден 8 067 фильм ұсынылып, олардың 25-і финалға өтті. Қазақстан өтінім саны бойынша АҚШ-тан кейін екінші орын алды. Мәселен, отандық авторлар 829 жұмыс ұсынған. Байқауға АҚШ-тан 1 396, Үндістаннан 705, Қытайдан 479, Оңтүстік Кореядан 355 өтінім түскен.

Фестиваль бағдарламасы 19 жанрды қамтыды. Авторлар фильмдерін әзірлеу барысында 80-нен астам генеративті модельді пайдаланған. Ұйымдастырушылардың алдын ала есебі бойынша, қатысушылардың түрлі ЖИ сервистерін пайдалануға жұмсаған қаражаты 4 миллион доллардан асқан. Байқауға ұсынылған жұмыстардың жалпы хронометражы ондаған мың минутты құрады. Ең ұзақ фильм 4 сағат 3 минутқа созылады.

Фестивальдің жалпы қоры – 2 миллион доллар. Оның 1 миллион доллары жеңімпаздарға жүлде ретінде бөлінсе, тағы 1 миллион доллар перспективалы AI-командалардың жаңа жобаларына инвестиция ретінде қарастырылған. Негізгі байқаудың Гран-при иегері 450 мың доллар, екінші орын – 200 мың, үшінші орын – 100 мың доллар алды.

Бас жүлде латвиялық режиссер Николай Шестактың The First Honest Day фильміне берілді. Үндістандық Абхик Банерджидің SITARA туындысы екінші, испаниялық Эрнест Десумбиланың Looking For Perseida фильмі үшінші орын алды. Қазақстандық Мырзахан Жұмаханның IT WAS JUST A JOKE комедиясы Best Character аталымын жеңіп алды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

 

«Киноиндустрия өзгереді»

Astana AI Film Festival негізін қалаушы, ұйымдастырушылардың Айзатулла Хуссейннің пікірінше, фестивальге түскен жұмыстар технологияның кино жасауға мүмкіндік беретін деңгейге жеткенін көрсеткен.

– Жұмыстарды көрген кезде киноиндустрияның өзгеретінін түсіндім. Технология қазірдің өзінде фильм жасауға мүмкіндік береді, кейде оның жасанды интеллект арқылы жасалғанын ажырату қиын. Бұрын негізінен Голливуд пен Еуропа фильмдерін көрдік, нарратив көбіне Батыстан келетін. Ал мұнда әлемнің әр түкпіріндегі адамдар өз оқиғаларын ұсынды. Әркімнің өзіндік көзқарасы, баяндау тәсілі мен концепциясы бар. Сондықтан технологияның арқасында кино өзгереді, – деді Айзатулла Хуссейн фестивальдің таныстырылымы кезінде.

Бұл жерде ЖИ-дің киноға әкелетін ең үлкен өзгерістерінің бірі көрінеді. Бұған дейін фильмнің экранға жетуі тек автордың идеясына байланысты емес еді. Қаржы, түсірілім тобы, техника, актерлер, декорация, постпродакшн секілді бірнеше кезеңнен өту қажет. Генеративті технологиялар осы өндірістік кедергінің бір бөлігін азайтып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бүгін ғана, яғни, 5 қазанда Ұстаздар күніне арналған салтанатты жиында Astana AI Film Festival-ге арнайы тоқталды. Президенттің пікірінше, жаңа технология дәстүрлі кино өндірісінің қалыптасқан моделіне ықпал етіп жатыр.

– Енді фильм түсірумен айналысатын мамандар шенеуніктердің, демеушілердің және продюсерлердің қолдауына тәуелді болмай, өз бетімен толыққанды кино туындысын шығара алады, – деді Президент.

 

100-120 адам атқаратын жұмысқа ЖИ-дің күші жете ме?

AI-киноның басты артықшылығының бірі – өндіріс уақытын қысқарту мүмкіндігі. Astana AI Film Festival тең құрылтайшысы әрі кеңес төрағасы Алмас Жалидың айтуынша, дәстүрлі фильм өндірісінде үлкен команда қажет.

– Кейде бір фильмді дайындауға бір жылға жуық уақыт кетеді. Командада 100-120 адам жұмыс істейді. Актерлердің жұмысын үйлестіру, декорация дайындау, түсірілімді ұйымдастыру керек. Ал жасанды интеллект осы жұмыстың бір бөлігін әлдеқайда жылдам атқаруға мүмкіндік береді, – деді Алмас Жали.

Дегенмен ЖИ арқылы кино түсіру қазірдің өзінде өте арзан деген түсінік шындыққа толық сәйкес келмейді. Генеративті модельдердің сапалы нұсқалары ақылы, ал бір көріністің қажетті нәтижесіне жету үшін оны бірнеше рет генерациялау қажет болуы мүмкін.

Алмас Жали да қазіргі кезеңде генерацияның арзан емес екенін атап өтті.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

– Қазір генерация арзан емес. Бірақ платформалар көбейіп, бәсеке күшейген сайын оның бағасы төмендейді деп ойлаймын. Дәстүрлі кино өндірісімен салыстырғанда AI арқылы фильм жасауға әлдеқайда аз уақыт пен еңбек жұмсалады, – деді ол.

Оның болжамынша, технология осы қарқынмен дамыса, алдағы екі-үш жылда жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмді дәстүрлі тәсілмен түсірілген туындыдан ажырату қиын болуы мүмкін.

 

ЖИ режиссерді алмастыра ма?

Бірақ фестивальдегі жұмыстар тағы бір маңызды мәселені көрсетті: техниканың мүмкіндігі артқан сайын авторлық идеяның маңызы жоғалып жатқан жоқ.

AAIFF ережесі бойынша генеративті ЖИ фильм жасаудың ажырамас бөлігі болуы керек. Яғни нейрожеліні тек визуалды эффект жасауға немесе дайын кадрдың сапасын жақсартуға пайдалану жеткіліксіз. Авторлар қандай модельдер мен қандай өндірістік тізбек қолданғанын да көрсетуге тиіс болды.

Соған қарамастан, бағалау тек технологияның күрделілігіне құрылмады. Байқауда үздік режиссура, оқиға, визуал, кейіпкер және концепция жеке аталымдар ретінде қарастырылды. Бұл ЖИ дамыған жағдайда да киноның негізгі өлшемдері – оқиға, драматургия, режиссерлік шешім мен автордың көзқарасы сақталатынын аңғартады.

Фестивальдің тең құрылтайшысы әрі креативті директоры Айзатулла Хуссейн да технологияның өзі емес, адамның оны қалай қолданатыны маңызды екенін айтады.

– AI-кинодағы ең қызық нәрсе – технологияның өзі емес, авторлардың оның көмегімен не жасай бастағаны. Фестивальде ерекше визуалдық шешімдерден бастап оқиға айтудың жаңа тәсілдеріне дейін өте мықты әрі бір-біріне ұқсамайтын жұмыстарды көрдік, – деді ол.

Оның айтуынша, әр елдің режиссерлері ЖИ платформаларын өз идеясын жүзеге асыратын жаңа құрал ретінде қолданып жатыр. Жұмыстардың ауқымы мен сапасы AI-киноның әлемдік киноиндустрияның жеке бағытына айнала бастағанын көрсетеді.

Демек, мәселе «ЖИ режиссерді алмастыра ма?» деген сұрақтан гөрі, режиссердің қолындағы құралдардың қалай өзгеретініне келіп тіреледі. Камера, монтаж бағдарламалары немесе компьютерлік графика киноны қалай өзгерткен болса, генеративті модельдер де өндірістің бірқатар кезеңін қайта құрып жатыр.

 

AI-кино әзірге жеке жанр емес

Сонымен бірге AI-киноның нақты тілі әлі қалыптасып үлгермеген.

Айзатулла Хуссейн мыңдаған жұмысты қарау барысында авторлардың бір бөлігі дәстүрлі кино формасын нейрожелілер арқылы қайталауға тырысатынын, ал енді бір бөлігі бұрынғы киноға мүлдем ұқсамайтын эксперименттер жасап жатқанын байқаған.

– Тренд пен форманың өзі енді қалыптасып, ізделіп жатыр. Бұрын трендтер бірнеше ай сақталатын болса, қазір бәрі күн сайын дерлік өзгереді, – деді ол.

ЖИ-киноның қызық ерекшеліктерінің бірі – технология бірдей болғанымен, әр елдің авторлары оған өзінің мәдени кодын енгізеді. Хуссейннің байқауынша, Оңтүстік Кореядан келген жұмыстар арасында нуар, хоррор және кеңсе өміріне байланысты сюжеттер жиі кездескен. Қытай авторлары анимацияға көбірек ден қойса, қазақстандық жұмыстарда дала, киіз үй, роботтар мен болашақ бейнесі қатар көрінеді.

Сондықтан AI-киноны қазір жеке жанр деуден гөрі, фильм жасаудың жаңа тәсілі ретінде қарастыру қисынды. Оның көмегімен комедия да, драма да, триллер де, фантастика да түсіруге болады.

 

Кино өндірісі «демократиялана» ма?

ЖИ технологиясының киноға ықпалы тек фильмді жылдам жасау мүмкіндігімен шектелмейді. Ол кино өндірісіне кіру шегін төмендетуі мүмкін.

Фестиваль статистикасы осы үрдістің алғашқы белгілерін көрсетеді. Бір ғана халықаралық байқауға 125 елден мыңдаған автордың қатысуы бұрын қомақты өндірістік ресурсы болмаған адамдардың да кино жасауға кірісе бастағанын аңғартады. AAIFF-ке жеке авторлармен қатар студиялар мен шығармашылық командалардың қатысуына рұқсат берілді, ал өтінім беру тегін болды.

Мұның нәтижесінде экрандағы оқиғалардың географиясы да кеңеюі ықтимал. Хуссейн айтқандай, әлемдік аудитория ондаған жыл бойы көбіне Голливуд пен Еуропа қалыптастырған нарративті көріп келсе, өндіріс құралдарының арзандауы Азия, Африка, Орталық Азия немесе шағын елдердегі авторларға өз тарихын әлемдік аудиторияға жеткізуге жол ашады.

Бірақ технологияның қолжетімді болуы жақсы кино автоматты түрде көбейеді деген сөз емес. Керісінше, кез келген адам сапалы сурет генерациялай алатын жағдайда авторларды бір-бірінен ажырататын нәрсе технология емес, идея, сценарий, режиссура және өзіндік стиль болуы мүмкін.

 

Қазақстан үшін қандай мүмкіндік бар?

Қазақстан фестивальге түскен жұмыстар саны бойынша әлемде екінші орынға шықты. 829 өтінім – отандық авторлардың жаңа технологияға қызығушылығы жоғары екенін көрсететін көрсеткіш. Оның үстіне Мырзахан Жұмаханның IT WAS JUST A JOKE жұмысы халықаралық байқауда Best Character аталымын жеңіп алды.

Ұйымдастырушылар фестивальді бір реттік мәдени шара ретінде қалдырмауды көздеп отыр. Алмас Жалидың айтуынша, мақсат – Астананы кино, технология және креативті индустрия мамандары кездесетін халықаралық алаңдардың біріне айналдыру.

– Осындай халықаралық фестивальдің дәл Қазақстанда өтуі өте маңызды. Астана әлемнің түкпір-түкпірінен киноиндустрия, технология және креативті индустрия өкілдері тоғысатын алаңға айналсын деп отырмыз. Алғашқы фестиваль бізге жақсы серпін берді. Енді міндетіміз – жобаны одан әрі дамыту, халықаралық қатысушылар қауымдастығын кеңейту және кино мен жасанды интеллект тоғысындағы авторларға жаңа мүмкіндіктер жасау, – деді Алмас Жали.

Бұл мақсаттың экономикалық тетігі де қарастырылған. Фестиваль қорындағы 1 млн доллар жүлдеге емес, перспективалы AI-командалардың өндірісіне инвестиция ретінде бағытталады. Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша іріктелген командалар Қазақстанда жұмысын жалғастырып, Astana Hub экожүйесіне қосыла алады.

Яғни мәселе тек Қазақстанда AI-фильм көрсету емес, жаңа өндірістің бір бөлігін елге тарту туралы болып отыр.

 

Дәстүрлі кино жоғала ма?

Әзірге дәстүрлі киноның аяқталғанын айтуға негіз жоқ. Керісінше, Astana AI Film Festival нәтижесі кино өндірісінде жаңа құрал пайда болғанын көрсетеді.

Бір жағынан, ЖИ бұрын үлкен команда атқарған жұмыстың бір бөлігін автоматтандырып, өндіріс уақытын қысқартады. Автор декорацияны физикалық тұрғыда салмай-ақ, виртуалды орта жасай алады, бұрын қымбат техника мен үлкен бюджет талап еткен көріністерді генеративті модель арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

Екінші жағынан, технология фильмнің негізгі сұрағын шеше алмайды. Көкейде тұрған бір сауал бар: "автор көрерменге не айтқысы келеді?" деген ой.

Astana AI Film Festival-де үздік фильмдер технологияны қаншалықты көп қолданғанына емес, кейіпкері, оқиғасы, режиссурасы, визуалдық тілі мен идеясына қарай бағаланды. Бас жүлдені алған Николай Шестак та The First Honest Day фильмі арқылы адамның іс-әрекеті оның болмысын қалыптастырады деген жеке идеясын жеткізгісі келгенін айтты.

Сондықтан жасанды интеллект киноны авторсыз қалдырмайды. Бірақ ол авторға бұрын тек үлкен студияның қолынан келетін мүмкіндіктерді бере бастады. Осы тұрғыдан алғанда, кино өндірісіндегі басты өзгеріс камераның немесе актердің жоғалуында емес, фильм түсіруге кімнің мүмкіндігі бар деген сұрақтың жауабының өзгеруінде болуы ықтимал.

8 067 фильм мен 125 елдің қатысуы – бұл үрдістің енді жекелеген технологиялық эксперимент шеңберінен шығып бара жатқанын көрсетеді. Алдағы бірнеше жылда AI-кино дәстүрлі индустрияны толық алмастыра ма, әлде оның тағы бір өндірістік формасына айнала ма – оны уақыт көрсетеді...

Барлық жаңалық