Қазір елімізде электромобильдердің саны күн санап артып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше Қазақстанда 12 587 электромобиль тіркелген. Қоршаған ортаға зияны жоқ көліктердің, еркектерге зияны көп деген қаңқу сөз бар.
Ozgeris.info тілшілері тақырыпты зерттеп көрді.
Бүгінде әлемнің озық елдері тоқпен жүретін темір тұлпарларға басымдық беріп отыр. Бірақ дәл осы көліктен келетін залалды алты құрлықтың ғалымдары толық зерттеп көрмепті. Тек болжам ғана бар.
«Электрлік көліктердің маңызды проблемасы олардың электромагниттік өрістерді (ЭМӨ) тудыруы. Электрлік көліктер төмен жиілікті тудыратын қуатты батареялар мен электр қозғалтқыштарын пайдаланады. Бұл олардың ерлердің репродуктивті денсаулығына, атап айтқанда, сперматозоидтардың сапасына, тестостерон деңгейіне және құнарлылыққа әсер ету мүмкіндігіне қатысты алаңдаушылық тудырады», - дейді ғалымдар.
Дегенмен медицина ғылымының кандидаты, тәжірибелі уролог Аманжол Суранчиев зерттеусіз жаңалық ашуға болмайтынын баса айтты.
«Бүкіл әлемдік кеңістікте электромобильдер бар. Оның қаншалықты зияны бар екенін зерттеген ғалымдардың тұжырымдары бар болуы бек мүмкін. Сондықтан бұл көліктерден келетін кесапатты айту үшін өзімізде зерттеулер жүргізілуі орынды деп айтсақ қателеспеспіз. Содан шыққан нәтижелер дәлелді болады бұл сұрақта. Ол үшін клиникалық зерттеуде болатын, денсаулық жағдайлары нормаға сай, 3 топқа бөлінген адамдарды жүйелі зерттеуден өткізу қажет болар:
- 1 топ - заманауи электромобильдерді тізгіндеген еркек кіндік жүргізушілер;
- 2 топ –бензин немесе өзге де сұйық отындармен жүретін көліктерді жүргізетін ер азаматтар;
- 3 топ – ешқандай көлік түрін жүргізбейтін ер азаматтар;
Бірінші және екінші топ зерттеу барысындағы негізгі құрамға жатқызса, үшіншісін бақылау топтың қатарына жатқызар.
Белгілі бір уақыт аралығында негізгі және бақылау тобында болған жандардың аталық безінде болатын ықтимал өзгерістерін тіркеу, аталық без синтездейтін шәуһаттың биохимиялық және морфологиялық өзгерістерін анықтау, қанның биохимиялық көрсеткіштерін сараптау, саралау жұмыстарын өткізу керек. Бұл не үшін десеңіз, кез келген айтылған медициналық ақпараттың дәлелді клиникалық базасы болуы абзал. Сондықтан да, аталмыш сұраққа нақты жауап табу үшін ғылыми тұрғыдағы зерттеу жұмыстары жүргізілуі абзал. Сол кезде, дәлелді түрде нақты жауап шығуы әбден мүмкін. Өзгелер жасанды интеллектті ойлап тапқан кезде, біз құр сөзділіктен арылуымыз керек шығар», - дейді тәжірибелі уролог андролог дәрігер.
Ал сіз электрлік көліктерден қауіп бар деп ойлайсыз ба?