💰 Экономика

Бірнеше қалада заңсыз майнинг фермалары анықталды

2024 жылдың басынан бері елімізде заңсыз майнингке қатысты 17 қылмыстық іс тіркелді. Тергеу дерегінше, олардың жалпы залалы 1,3 млрд теңгеден асқан, деп жазады Ozgeris.info.

Ең көп дерек Астанада тіркелген – 6 жағдай. Шымкент пен Қостанайда да 3 заңсыз майнинг фермасы әшкереленген. Тергеу аясында жалпы көлемі 642 мың долларға тең цифрлық актив тәркіленді.

Белгілі болғандай, кейбір майнинг фермалары электр энергиясын ұрлау арқылы жұмыс істеген. Мұндай 5 ферма ірі қала көлеміндегі энергияны тұтынған. Бұл жағдай тек ресурстардың босқа шығындалуына емес, сонымен қатар орналасқан аймақ тұрғындарының тыныштығының бұзылуына да әкелген.

Электр энергиясының заңсыз тұтынылуы салдарынан ресурстар өндіріс пен әлеуметтік нысандарға бағытталмай, көлеңкелі бизнеске кеткен.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, соңғы үш жылда майнинг саласынан бюджетке 17 млрд теңгеден астам қаржы түскен. Бұл көрсеткіш аталған бағытты заң аясында тиімді реттеу қажеттігін айқындайды.

Барлық жаңалық