Алматы қаласындағы ірі тұрғын үй кешендерінің тұрғындары жарық пен ауыз судан таршылық көріп отыр. Энергетика саласындағы монополист кәсіпорын "Алатау Жарық Компаниясы" акционерлік қоғамы қарызды өндірудің қолайсыз әдісіне көшкен. Мекеме құрылыс компаниядарының берешегі үшін кінәсіз азаматтарды жаппай жазалау тәсілін қолданды. Салдарынан бір уақытта "Сити плюс" және "Есентай сити" кварталдары қуат көзінен ажыратылды. Коммуналдық қызметкерлер девелоперлермен өркениетті түрде жұмыс істеудің орнына бүкіл ауданды тоқтан қағуды оңай көрген. Бұл қатаң санкциядан квитанцияны уақытылы төлеп отырған жүздеген қала тұрғыны зардап шекті. Өзгелердің қаржылық дауы кесірінен жарықсыз және сусыз пәтерде отырған жұртшылық сорлап қалды. Адамдар сәтсіз аяқталған жұмыс күні үшін шығындарын есептеп жатыр деп хабарлайды ozgeris.info сайты truestorykz телеграм арнасына сілтеп.
"Сити плюс" тұрғын үй кешенінде тоқ таңғы сағат тоғыз шамасында сөндірілген. Бұған құрылыс мекемесі мен ішінара тұрғындардың жиналып қалған берешегі себеп болған көрінеді. Жарықтың сөнуіне байланысты мұндағы су айдайтын сорғылар толық тоқтап қалды. Салдарынан пәтерлерге келен салқын судың ағысы сап тиылды.
Ал элиталы "Есентай сити" қалашығында жағдай мүлдем басқаша өрбіді. Мұнда монополист мекеме бұған дейін екі жақ келіскен қарызды өтеу кестесін саналы түрде бұзған. Кәсіпорын бұл әрекеті арқылы ашық коммуналдық шантаж жасады. Желідегі тоқты жылдам қалпына келтіру үшін құрылыс салушы компания шұғыл түрде "Алатау Жарық Компаниясы" есепшотына 5 000 000 теңге көлемінде қомақты қаражат аударуға мәжбүр болды. Осындай ірі көлемдегі төлем жасалса да тоқтың не себепті мерзімінен бұрын өшірілгенін мүлік иелері бірлестігінің әкімшілігі әлі де анықтап жатыр.
Үшінші тұлғалардың қарызы үшін еш қатысы жоқ адамдарды кепілге алу әрекеті құқықтық шеңберден шығып барады. "Есентай сити" мүлік иелері бірлестігінің заңгерлері шұғыл түрде мәліметтер жинауға кірісті. Мамандар жарық жеткізуші кәсіпорынмен тікелей келісімшарт жасасқан алматылықтарды жаппай сотқа арыздануға шақырды. Құзырлы органдарға ұжымдық шағымдар дайындау тапсырылды. Монополист мекеменің бейбіт халыққа қысым көрсету арқылы ақша бопсалау әрекетіне құқықтық тұрғыдан қатаң баға берілуі тиіс.